Олардың ата-аналарына биыл төленетін жәрдемақылар да көбейген. Бірінші, екінші, үшінші туған балаға берілетін бір реттік жәрдемақының мөлшері - 91 390 теңге. Ал, төртінші балаға 151 515 теңге беріледі. Тілші Әсел Басшыбек жаңа туған сәбилерді түсіріп қайтты.
Біз Жаңа жыл мейрамын тойлап жатқанда осы Астана қаласының 3-ші перенаталды орталығында 16 әйел босанған. Оның 4-уі ұл, 12-сі қыз бала.
Гүлнұр Мамырәлиқызы 31-желтоқсан күні Елбасының құттықтауын күтіп отырған сәтте толғағы басталып, перенаталды орталыққа келген. Ол тура түнгі сағат 01:15 минут кеткенде перзентінің іңгәләған үнін естіді. Осылайша, 2018 жылдың бірінші астаналық сәбиі дүниеге келді. Үш қыздың анасы «енді ұл тусам», дейді.
Гүлнұр Отарова, үш баланың анасы:
- Өзім көпбалалы үйден шыққанмын. Анам 7 бала тапқан. Жағдайым болып жатса, 2-3 жылдан соң тағы келіп қаламын ба деп ойлаймын.
Елордада қаңтардың алғашқы күні 59 бала жарық дүниеге келсе, оның 34-і ұл, 25-і қыз екен. Бұл сәбилердің тең жартысы №1 перзентханада туған. Аналар мен шақалақтардың денсаулықтары жақсы. Бірақ, Астананың бас акушер-геникологы «болашақ аналар құрсақ көтерер алдында денсаулықтарына назар аударса», дейді.
Гүлнәз Досмырзаева, Астана қаласының бас акушер-гинекологы:
- Қосымша ауруы бар әйелдер жиі кездеседі. Оның ішінде жүрек аурулары, бүйрек, қант диабетімен ауыратын әйелдер бар. Дәрігерге барып қаралып, жүктілікті жоспарласа дұрыс болады деп ойлаймын.
Бүгін №3 перзентханадан 10 шақты ана сәбилерімен үйлеріне жіберілді. Олар еліміздің тарапынан берілетін жәрдемақылардың жыл сайын өсіп жатқанына разы. Биылдан бастап бала күтіміне бір жыл бойы 14 мыңнан 21 мың теңгеге дейін қаржы төленетін болды.