Қарағанды облысындағы екі бірдей аурухананың дәрігерлері өз қызметіне салғырт қарады деген күдік тудырып отыр. Жыл басында екі бірдей бүлдіршіннің қайтыс болуына байланысты жүргізілген комиссия тексерісінің қорытындысы жарияланды. Естеріңізге сала кетейік, 31-желтоқсан күні облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында екі жастағы қыз бала, кейін араға күн салып Теміртаудағы медициналық мекемеде 1 жастан асқан ұл бала шетінеп кеткен болатын. Нәрестелердің екеуі де иммунитеттің әлсіздігінен ағзаны дендеп алған инфекциядан айыға алмаған. Алайда, балғындардың жағдайының нашарлығына дәрігерлер мән бермеген. Тексеріс барысында жиналған барлық деректер мен дәйектер құзырлы органдарға жіберілді. Қазірдің өзінде облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының педиатры жұмысынан босатылды.
Ольга Смирнова, облыстық Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары:
- Кезекші дәрігердің жұқпалы аурудан емдеуге қатысты біліктілігі жоқ екені анықталды. Соған қарамастан мекемеде кадр жетіспейтіндіктен, педиатр міндетін атқарып келген. Яғни, стационарлық қызмет көрсетуде жоқ дәрігердің орнын осылай жауып келген.
Руслан НҰРЛАНҰЛЫ