Солтүстік Қазақстан облысында 100 адам ағза ауысытыруды қажет етеді. Әр түрлі жастағы азаматтар бүйрек, бауыр және жүрек трансплантациясы үшін кезекте тұр. Тіпті, 10 жыл бойы жасанды бүйрек аппаратымен күн кешіп келе жатқандар да бар. Дертіне дауа іздеген жандар ұзақ жылдар бойы донор күтуге мәжбүр. Тілшіміз Самат Сапаралы осы мәселені зерделеп көрді.
Ольга Попировник осыдан бір жыл бұрын сырқаттанып, асқынған дерт бүйрегіне кері әсер етті. Дәрігерлер «бүйрек алмастыру керек», деп шешті. Сондан бері гемодиализ, яғни, жасанды бүйрек аппаратына жіпсіз байланған Ольга донордың табылуын күтіп жүр.
Ольга Попировник, науқас:
- Диализге аптасына 3 рет, дүйсенбі, сәрсенбі, жұма күндері таңғы 8-ден 12-ге дейін келіп тұрамын. Қазір жұмыс істемеймін, 1-топтағы мүгедектер қатарына қосты. Донордың бүйрегі табылса екен деп армандаймын, жас болған соң арманың да көп болады екен. Өзге адамдар сияқты өмір сүргім келеді. Балалы болғым келеді.
Ал, Балғат Шахановтың бүйрек ауыстыру үшін донор күткеніне 10 жылға тақады. Өзі үшін жаңа ағзаның табылатынына үмітпен қарайтын Балғат қазір жасанды бүйрек аппаратымен ғана жан бағуда.
Балғат Шаханов, науқас:
- 10 жыл болды. Осында бөлме берген, сонда 2-3 күн боламыз.
Петропавлдағы трансплантология филиалы 2014 жылы ашылды. Мұнда науқасқа қажетті ағза жоқ, тек донор табылған жағдайда ғана Астана, Алматы немесе Шымкент қаласынан мамандар келіп, адам ағзасын алып кетеді. Дәрігерлердің айтуынша, көбіне бас сүйек-миы зақымданған немесе инсультпен ауруханаға түскен азаматтар ғана донор болуға келісім беріп жатады.
Сергей Ишин, СҚО Трансплантация бойынша бас үйлестірушісі:
- Біз ең алдымен оның туған-туыстарының рұқсатын аламыз, қанын зерттейміз. Егер жақындары келісім берсе, зерттеу нәтижелерін Астана мен Алматыдағы трансплантология орталығына жібереміз. Донор табу өте күрделі мәселе. Жылдар бойы кезек күтпеу үшін науқас еріктіні өзі тапқаны абзал.
Солтүстік Қазақстан облысында 100 науқас азамат ағза трансплантациясын қажет етеді. Оның ішінде 5 сәбиге жүрек, 80 тұрғынға бүйрек, қалған науқастардың бауырын алмастыру керек. Ал, жалпы республика бойынша қазір 3,5 мың қазақстандық ағза ауыстыру үшін донор кезегінде тұр.
Самат САПАРАЛЫ