Бұл туралы Алматы аймақтық онкологиялық диспансерінің дәрігерлері «Ашық есік» күніне арналған жиында айтты. Медициналық мекеме әйелдер арасында жатыр мойнының қатерлі ісігін болдырмау үшін бірнеше әлеуметтік іс-шара өткізуді жоспарлаған. Соның нәтижесінде, шалғай ауылдардың тұрғындары емханада тексеріліп, денсаулығын күтуге дағдыланған.
Екі баланың анасы Назым Дәулетханқызы бірнеше жыл бұрын сүт безінің қатерлі ісігіне шалдыққан. Ол 2003 жылы медицина қызметкерлерінің кеңесімен емханаға қаралған. Назым аурудың ауыртпалығына қарамастан, жүйелі ем қабылдауды мүлдем үзбеген. Қазір жағдайы жақсарды.
Назым Өмірбекова, Алматы облысының тұрғыны:
- Бұл аурудан қорқатын ештеңе жоқ. Бүкіл препараттары бар.
Ақ халаттылардың сөзінше, ісік ауруының белгілері анықталған адамдар емханаға көрінуден қорқып, ауруын асқындырып алады. Ал, дендеген дертті емдеу қиынға соғады. Сондықтан, кез келген адам ауру белгілері байқалған бойда уақытылы қаралуы керек.
Айдана Манапова, онколог-дәрігер:
- Қазір ісік ауруы жасарып келе жатыр. Үшінші орында тұр.
Биыл Алматы аймақтық онкологиялық диспансерінде «Паллиатив» емдеу бөлімшесі ашылды. Мұнда ауруы асқынған әйелдер емделеді. Мысалы, отбасындағы кикілжіңге байланысты күйеуімен ажырасып, депрессияға ұшыраған әйелдер қатерлі ісікке тез шалдығады. Осы себепті оларға қиын жағдайдан шығу үшін білікті мамандар кеңес береді.
Нұрлан АСҚАРҰЛЫ