ОҚО-да халық жиі пайдаланатын 150 түрлі дәрі жыл соңына дейін қымбаттамайтын болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ОҚО-да халық жиі пайдаланатын 150 түрлі дәрі жыл соңына дейін қымбаттамайтын болды

08.02.2018

Оңтүстік Қазақстан облысында халық жиі пайдаланатын 150 түрлі дәрі-дәрмектің бағасы жыл соңына дейін қымбаттамайтын болды. Облыс әкімдігі «Даму» фармацевтикалық және медициналық қызметкерлер қауымдастығымен осындай келісімге келіп, оны құжатпен бекітті. Осыған сәйкес ендігі жерде жүрек-қан тамырлары ауруына, қабыну және асқазан ауруларына қарсы дәрілік препараттар барлық жерде келісілген бағамен сатылады. Сондай-ақ, құлақ ауруларын жазатын сұйықтықтар мен дәрумендердің де бағасы бір деңгейде болады. Бұл тізімде дене қызуын басатын дәрі-дәрмектер де бар. Бағаны негізсіз өсірмеу туралы талапты орындауға өңірдегі 30 фармацевтикалық мекеме міндеттелді. Қазір дәріханалардың барлығында бұл дәрілердің атауы мен олардың бағасы жазылып ілінген.

Ләззат Қашқымбаева, ОҚО бойынша Фармацевтикалық қызметті бақылау департаментінің басшысы:  

 - Бұл бастаманы биыл төртінші жыл қатарынан іске асырып келеміз. Қала, аудан және ауылдарды қоса есептегенде, бүгінде өңірде 1 мың 279 дәріхана бар. Тізімде көрсетілген дәрілік препараттарды  қымбаттатпау туралы талапты орындау барлығына бірдей міндеттелген. Бағаны тұрақты ұстап тұру үшін  ірі тасымалдаушы компаниялармен келісімшарттар жасастық. 

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

Хабарламаларға жазылу