Астанада жұқпалы ауруға шалдыққан балалар саны артқан - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада жұқпалы ауруға шалдыққан балалар саны артқан

20.02.2018

Астанада тұмау өршіп тұр. Әсіресе, балалар арасында сырқаттанғандар саны артқан. Эпидемиологиялық кезең басталғалы 40 мыңнан астам науқас жедел респираторлық вирусты инфекцияға шалдыққан. Оның 25 500-і – балалар. Балабақшаларда бүлдіршіндер шетінен ауырып, үйлеріне қайтарылуда. Мән-жайды Ардақ Мұратқызы біліп келді.

Ұйқыдан тұрған соң Әлидің бірден дене қызуы көтерілген. Ол бүгіндікке сырқаттанып қалған 2-ші бала.

Ғайнижамал Жақыпова, №70 «Құлыншақ» балабақшасының мейірбикесі:

- Ақпан айында ОРВИ ауруымен 17 бала тіркелді. Балалар 37,2-37,5 температурасымен ауырды. Біз алғашқы көмегімізді көрсетіп, оларды өздерінің тіркелген ауруханасына жібереміз. Күнделікті таңертеңгілік сүзгі жасаймыз. Балалардың денсаулығын ата-ананың көзінше тексерістен өткіземіз.

Осылайша, қазір сырқат бала саны күрт көбейген. 1,5 жастағы Айым мен 2 жастағы Анельдің де аяқ астынан қызуы көтеріліп, жедел жәрдеммен аурухана әкелінген.

Оразкүл Бимақанова, қала тұрғыны:

- Кеше түстік. Инфекция деп айтты. Кешеден бері емдеп жатыр. Үйде де 1-2 адам ауырып жатыр.

Айнұр Әбдукәрімова, қала тұрғыны:

- Кеше үйде ыстығы шығып, осында түстік. 39,2 градуспен алып кетті. Инфекция жүріп жатыр екен қалада. Үйде екі ұлым бар. Олар да ауырып жүрген.

Қалалық балалар жұқпалы аурулар ауруханасы 250 орынға арналған. Бірақ, қазір мұнда 345 бала ем қабылдап жатыр. Дәрігерлердің де жұмысы қауырт. 

Жанар Бөкенова, қалалық Балалар жұқпалы аурулар ауруханасының бөлім меңгерушісі:

- Күніне 180-190-нан астам бала жүгінеді. Соның үштен, төрттен бірі ғана жатқызылады.

Күзден бері 40 мыңнан астам адам жұқпалы инфекцияға шалдыққан. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі пайызға көп. 128 адам тұмауратып, төсек тартып қалған.

Нұрқан Сәдуақасов, Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Қазір эпидемиологиялық жағдайдың ең ушығып тұрған кезі. Заң бойынша біз мектеп-балабақшаларда жаппай тексеріс жүргізе алмаймыз. Бірақ, Денсаулық сақтау басқармасымен бірігіп, 6 балабақшадағы жағдайды бақыладық. Тәртіп бұзушылық деректері анықталды. Мейірбикелер балаларды таңертең тексермеген.

Балабақша не мектептегі балалардың 30 пайызы ауруға шалдыққанда ғана сабақ тоқтатылады. «Сондықтан, әзірге карантин жаряилауға ерте», - дейді мамандар.

 

Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу