Елімізде тегін дәрі айналасында жалған есеп көп - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде тегін дәрі айналасында жалған есеп көп

20.03.2018

Тегін дәрі-дәрмек айналасында жалған есеп көп. Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық отырысында Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мәлімдеді. Халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жағдайын талқылау кезінде бірқатар жүйелі проблемалар анықталған. Қаңтар-ақпан айларында министрлікке дәрілік қамтамасыз ету бойынша 600-ден астам өтініш түскен. 2017 жылдың соңында тегін дәрілер алған кейбір пациенттерге іріктеліп қоңырау шалынған. Жүргізілген тексеру сауалнаманың нәтижесінде олардың шамамен 20 пайызы дәрі-дәрмекті алмағаны  анықталды. Ал, ақпараттық жүйеде бұл пациенттер препаратты алған деп тіркелген.

Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Осының негізінде министрлік қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, елдің барлық өңірлерінде медициналық ұйымдарда жоспардан тыс тексеру жүргізуде. Нәтижелері бойынша проблемаларды жою, ал, кейбір жағдайларда тәртіптік жаза қолдану бойынша қосымша шаралар қабылданатын болады.

 

Ғабит ҰЗАҚБАЙ

Хабарламаларға жазылу