Тегін медициналық қызмет сапасы артты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тегін медициналық қызмет сапасы артты

30.03.2018

Тегін медициналық көмекке жүгінетін қазақстандықтар қазіргі уақытта мемлекеттік мекемелермен қатар, 600-дей жекеменшік орталықтарда емделіп жүр. Яғни, мемлекеттік тапсырыс алған жеке медициналық орталықтар саны былтырмен салыстырғанда 170-ке артқан. Бұл - халыққа көрсетілетін дәрігерлік көмектің қолжетімділігі мен сапасы арттыру үшін жасалып отырған шара.

Құралай Молдамұраттың осыдан 6 жыл бұрын денсаулығы сыр береді. Дәрігер тексерісінен өткеннен кейін созылмалы бүйрек ауруына шалдыққаны анықталады. Екі жыл қатарынан гемодиализ емін алып, бүйрек трансплантациясын жасатты. Құралай сол кездері аптасына үш рет алты сағаттан аурухана табалдырығын тоздырған еді. Бүгінде елімізде Құралай сияқты дертке шалдыққан 5,5 мың науқас тіркелген.  Биыл олар еліміздің 80-нен астам орталығында ем алып жүр. Сол мекемелердің 74-і жеке меншік.

Құралай Молдамұрат, емделуші:

- Бұл орталықтың қызмет көрсету деңгейі өте жоғары. Еуропадан келген заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған. Апараттың өзі, пациенттің отыратын креслосы да ыңғайлы. Мұндағы дәрігерлердің біліктілі де керемет.

Тек бүйрек ауруына шалдыққандар емес, басы ауырып, балтыры сыздай қалған кез келген адамға мемлекеттен көмек бар. Елімізде 2 мыңға жуық медициналық қызмет тегін көрсетіледі. Ем-шараны республиканың 600 жеке емханасында алуға болады.

Ал, арухана мекенжайы мен онда көрсетілетін қызмет түрін білгіңіз келсе, «fms.kz» сайтына кіріңіз. Кепілдендірілген көмек шеңберінде халыққа қызмет көрсететін медицина мекемелерінің тізімі осында. Тізім жыл бойы толықтырылып отырады.

Фариза МҰСАҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу