Бұл туралы бүгін Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов министрліктің алқа отырысында айтты. Әлеуметтік маркетинг тәсілін сынға алған ол, «саламатты өмір салты идеясын әлеуметтік желі арқылы үгіттегені дұрыс», - дейді. Өйткені, бүгінгі жастар буклеттерді парақтағаннан гөрі, ақпаратты интернеттен алғанды жөн көреді.
Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Бөлінген қаржыны ешкімге қажеті жоқ буклеттер мен қағаз материалдарға жұмсайсыздар. Біздің мақсатты тобымыз - жастар, балалар мен олардың ата-аналары. Олардың денсаулықтарын нығайта түсуіміз керек. Олар қазір түрлі ақпарат көздерін пайдаланады.
Сондай-ақ, Денсаулық сақтау министрі құрамында қант, тұз және транс-майлары көп азық-түлік өнімдерінің жарнамасына шектеу қоюды ұсынды. Өйткені, адам денсаулығына залал тигізетін мұндай тағамдарға шек қою дамыған елдердің тәжірибесінде бар. Мәселен, Финляндияда 2010 жылдан бастап тәттілер мен алкогольге салық салынып, құрамында тұзы көп өнімдерге тыйым салынды. Нәтижесінде, 7 жылдан кейін жұқпалы емес аурулардың деңгейі 80%-ға азайды. Ал, өмір сүру ұзақтығы 10 жылға ұзарған.
Фариза МҰСАҚЫЗЫ
«Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын AppStore және Play Market сервистерінен тегін жүктеп алыңыз.