Елімізде медициналық туризм дамып келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде медициналық туризм дамып келеді

30.05.2018

Қазір Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасында «медициналық туризм» байланысы дамып келеді. Біздің дәрігерлер әлемдік медицинада алдыңғы қатарда тұрған кореялық мамандардан сабақ алып, тәжірибелерін арттырып жатыр. Ал, кореялықтар омыртқа және буын ауруларына шалдыққан бірнеше қазақстандық науқасты тегін емдеп, екі елдің медициналық ынтымақтастығын нығайтуға үлес қосып отыр. Осы мақсатта біздің тілшілеріміз де аталған мемлекеттің Кванджу қаласында орналасқан «Чонг-Ен» дәстүрлі медицина орталығына барып, онда ем алып жатқан отандастарымызбен тілдесіп қайтты.

Зейнегүл Алиакпарқызы 2006 жылы бел омыртқасын сындырып алған. Ауыр жарақат жазылмас дертке айналып, кейін мойын омыртқасында жарық ауруы пайда болған. Ұзаққа созылған дертке дәрігерлер «Торсионды дистония» диагнозын қояды. Содан ол тік жүре алмайтын күйге түседі. Ал, екі жыл бұрын Алматыға келген кореялық дәрігерлермен жолыққан науқас үшін биыл Кореяда тегін емделудің мүмкіндігі туды.

Зейнегүл Төребаева, емделуші:

- Он жыл бойы мен өзіміздің дәрігерлерге қаралдым. Емшілерге де бардым, массажистерге де бардым. Бармаған жерім жоқ. Содан интернет арқылы Кореяның дәрігерлері келеді дегенді көріп, соларға бардым.

Омыртқа және буын ауруларын ешқандай операциясыз емдейтін орталыққа Зейнегүл апай 3 апта қаралады. Ал, осы уақытқа дейін бұл клиникада 10-нан астам отандасымыз осылай тегін емделген.

Юн Сан Хун, Чонг-Ен дәстүрлі медициналық орталығының дәрігері:

- Біз Қазақстанмен 3 жыл бұрын байланысты бастадық. Ауыр жағдайдағы науқастарға қолдан келгенше көмек беріп жатырмыз. Алдағы уақытта хирургиялық әдіс-тәсілдерсіз емдеу үлгілерін қазақстандық дәрігерлерге үйретіп, бірігіп жұмыс істеуді жоспарлап отырмыз.

Клиниканың басты ерекшелігі - шығыс және батыс медицинасын біріктіруінде жатыр. Осы арқылы омыртқа аралық жарық ауруы, бұлшық ет тонусы, протрузия, остеохондроз сияқты дерттердің зардабын тартқан науқастарға қол ұшын созып, көмек көрсетеді.

Ким Чи Ион, Чонг-Ен дәстүрлі медициналық орталығының бас дәрігері:

- Біз 10 жылдан астам жұмыс істеп келеміз. Жылына 35 мыңнан астам адамға қызмет етеміз. Мақсатымыз - корей дәстүрлі медицинасы мен заманауи батыс зерттеулерін үйлестіру.

Орталық дәрілік заттардың барлығын әр адамның ағзасына сай әр түрлі әзірлейді. Науқастардың денсаулығына зияны тимейтіндей табиғи компоненттердің негізінде жасалған дәрілердің көмегімен ем-дом жасайды.

Им Сан Мо, дәрі жасау зауытының бас директоры:

- Бізде дәрілердің 1000-ға жуық түрі бар. Өйткені, қазір ауру түрлері көп. Ал, әр адамның организмі әр түрлі болғандықтан, дәрілердің құрамы да бір-біріне ұқсамауы тиіс.

Кореялық дәрігерлердің айтуынша, қазір омыртқа және буын ауруларына шалдыққандарға, әсіресе, Қазақстанда протрузия ауруының емі тек хирургиялық түрде жасалады. Ал, олар ешбір отасыз иненің көмегімен-ақ, науқастың қысқа уақыт аралығында айығуына септігін тигізбек. Осы мақсатта биыл Алматыда клиниканың филиалын ашып, жыл басынан бері 300-ден аса науқасты қарап үлгерген. 

 

Аманкелді СЕЙТХАН

Хабарламаларға жазылу