Алматы облысы Талғар ауданының үш тұрғыны менингоккок инфекциясынан көз жұмды. Оның біреуі 5 жастағы бала. Күн өткен сайын дендеген дерттен зардап шегушілердің саны көбейіп келеді. Ал, ата-аналар дәрігерлердің салғырттығына наразы.
Аида Ахметова 5 жастағы тұңғышынан ойда-жоқта айырылып қалды. Баласын Алматы қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына өзі жеткізгенімен, құтқарып қала алмады. Қайғысына қайғы қосылып, бір күнде келінінен де айырылды.
Аида Ахметова, қайтыс болған баланың анасы:
- Балабақшаға балам ауырып барды ма, жоқ па білмеймін. Себебі, ешқандай симптомдар болған жоқ. Артынан болашақ келінімізді жоғалтып алдық. Екеуі бір күнде кетті, екеуі бір-бірін қатты жақсы көретін.
19 жастағы Айжан Наурызбаева да Қаскелең қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына кешкі ондар шамасында жедел жәрдеммен жеткізілген.
Жәнібек Ботбаев, Қаскелең қалалық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері:
- Біз науқастың жанын сақтап қалу үшін барлық шараларды қолдандық. Алайда, менингококктың тез асқынатын түрі болғандықтан, құтқарып қалу мүмкін болмады.
Науқаспен қарым-қатынаста болған 50-ге жуық адам тексерілді. Олардан ауру белгілері анықталмаған. Бір күн бұрын тағы бір Талғар тұрғыны - 27 жастағы Олжас Сүлейменов менингогокк инфекциясынан қайтыс болды. Дәрігерлер оған жұқпалы респираторлы вирус деген диагноз қойып, антибиотик жазып, үйіне қайтарған. Алайда, көп уақыт өтпей қайтадан ауруханаға жеткізіліп, сол жерде жан тапсырды.
Өңірдегі аудандарда жұқпалы аурулар ауруханасы мүлдем жоқ. Мәселен, Талғар ауданында орталық болмағандықтан, Қаскелеңге жіберіледі. Сондықтан, мұнда көршілес аудандарды қосқанда күніне 30-35 адам келеді.
Бақытгүл Жұмахметқызы, Қаскелең қалалық жұқпалы аурулар ауруханасының ординатор-инфекционист дәрігері:
- Омыртқа арасынан сұйықтық алады. Үлкендерден де, кішкентай балалардан да. Оны анықтау өте күрделі. Себебі, алғашқы белгілері тұмау сияқты, температура болады, бас ауырады, құсады.
Бауыр еті баласынан айырылған Аида Ахметованың сөзінше, науқастарды тұрғылықты жеріне қарай қабылдап, шектеп тастауы кедергі туғызған. Жолдағы көлік кептелісі мен ауруханадағы кезек жағдайды ушықтырды. Сондықтан, қайғыдан қан жұтқан ана медициналық көмектің уақытылы көрсетілуі талай жанның өмірін сақтап қалатынына сенімді.
Нұрлан АСҚАРҰЛЫ