Алматылық Александр Скаковский бүгін 1098-ші рет қан тапсырған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматылық Александр Скаковский бүгін 1098-ші рет қан тапсырған

14.06.2018

Бүгін - Дүниежүзілік донор күні. Ал, елімізде қан тапсыру жағынан әлемдегі екінші донор тұрады. Алматылық Александр Скаковский бүгін 1098-ші рет қан тапсырды. Әлемдік рекорд әзірге австралиялық Джеймс Харрисонға тиесілі. Ол өмірінде 1173 рет қан тапсырып, екі миллионнан астам сәбиді аман алып қалуға көмектескен.

72 жастағы Александр Скаковский 47 жылдан бері тұрақты түрде донор болып келеді. Жарты ғасырға жуық уақыт ішінде 1098 рет қан тапсырған. Ол осы дәстүрін денсаулығы мүмкіндік бергенше жалғастыра бермек. Талай адамды ажал аузынан арашалап қалуға септігін тигізіп жүрген азамат ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың «Мен донормын» өлеңін өмірлік ұранына айналдырған.

Александр Скаковский, донор:

- Бәріңе, бәріңе, бәріңе,

Жасыңа да, кәріңе.

Кімге қан керек?!

Ішуге, емге, дәріге.

Мен - донормын,

Шипа болар қаным бар,

Қабылдаңдар, алындар.

Менің жылы қанымның

Қасиетін таныңдар.

Жоқ. Ақшаға сатпаймын...

«Қазір елімізде Александр ақсақал сияқты қан тапсыруға құлықты азаматтардың саны артып келеді», - дейді мамандар. Мысалы, өткен жылы 80 мыңнан астам науқасқа 360 мың рет қан құйылған. Қан тапсырып, өзгелерге үміт сыйлап жүрген адам саны 185 мыңнан асады. Олар былтыр шамамен 220 мың рет қан тапсырған. Жалпы, елде трансфузиялық көмек көрсететін 500-ге жуық медицина ұйымы жұмыс істейді.

Гүлсара Бекмұхаева, республикалық Қан орталығы директорының орынбасары:

- Қан тапсырып адамға өмір сыйлау - бұл үлкен азаматтық борыш. Өйткені, қан тапсыру арқылы сіздер көптеген адамның өмірін ажал аузынан арашалап қаласыздар. Қан тапсырудың организміңізге ешқандай зияны жоқ, қайта қаныңыз тазарады. Қан тапсырған сайын жаңа клеткалар пайда болады.

Жыл сайын донорлар тапсырған қан миллиондаған адамның өмірін сақтап қалуға көмектеседі. Бұл қоғамға ғана емес, донордың өзі үшін де пайдалы. Өйткені, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, тұрақты түрде қан тапсыратындардың өмірі шамамен 5 жылға ұзарады. Сол себепті, биыл мамандар «Қан тапсыр. Өзгелерді де ойла. Науқастарға үміт сыйла!» деген тақырыпта науқан өткізіп жатыр.

 

Амангелді СЕЙТХАН

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Play Market сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу