Соңғы жарты жылда республика бойынша 4600 адам ішек инфекциясын жұқтырған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Соңғы жарты жылда республика бойынша 4600 адам ішек инфекциясын жұқтырған

12.07.2018

Науқастардың арасында сальмонеллез дертіне шалдыққандардың саны көбейген. Бұл туралы бүгін баспасөз мәслихатында Қазақстанның Бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин айтты. Осы жаз айларында өрши түсетін аурулардың қалай алдын-алуға болады? Оның негізгі себебі қандай?

«Қазақстандық дәрігерлер инфекцияның 99 түрі бойынша халықты үнемі бақылауда ұстап отырады. Алайда, жыл сайын осы жаз мезгілінде ішек инфекциясын жұқтыру қаупі жоғарылайды», деп дабыл қағады. Мәселен, қаңтар айынан бері 700-дей адам сальмоноллезге шалдыққан. Дегенмен, эпидемия деуге себеп жоқ. Өйткені, 10 мың адамның 50-і ауырса ғана жаппай эпидемия дәрежесі беріледі. Бас санитарлық дәрігер қазақстандықтарды жеміс-жидектерді жуып жеуге, қоғамдық орындарда тамақтанғанда оның құрамы мен дайындалу мерзіміне баса назар аударуға шақырды.

Жандарбек Бекшин, Қазақстан Республикасының Бас санитарилық дәрігері:

- Тамақты сақтайтын арнайы құрал-жабдықтардың бар-жоғын тексеріп алған жөн. Дайын тұрған тамақ тоңазытқышта сақталуы қажет. Мейрамxанада ыстық су болуы тиіс. Тазалыққа баса мән беру керек. Негізі, тамақ жасайтын жердің санитарлық жағдайы жаппай улануға себеп болып жатады. Тойдың дастарханын бір сағат бұрын жасаған дұрыс. Одан ерте жайылса, дайын тамақта микроағзалар тез өседі. Содан адам уланады. Әрине, тамақ өнімдерінің сақтау мерзімін үнемі бақылап отыру қажет.

Бас санитарлық дәрігер тойда жаппай улануың басты себебін де атады. Оның айтуынша, ауылды жерде той иелері тамақты үйден жасап апарады. Ал, мейрамxана әкімшілігі оған рұқсат беріп жатады. Сондықтан, қонақтар жаппай ұшынады. Жандарбек Бекшиннің сөзінше, аспаздардың кәсіби дайындығын тексеру қажет. Ыдыс-аяқты жуып тұратын адамдардың саны да жеткілікті болуы шарт.

Шетелде демалатын қазақстандықтар инфекциялар мен аурулардан сақтануы үшін нені ескеруі керек? Жандарбек Бекшин бұл сұраққа да жауап берді.

Сырт мемлекетте тек бөтелкедегі немесе қайнаған суды ішіп, тексерілген қоғамдық орындарда тамақтану қажет. Сондай-ақ, ет, балық, теңіз өнімдерін термиялық өңдеуден кейін тұтыну керек. Бассейндерде немесе арнайы су айдындарында ғана шомылуға болады. Бұған қоса, дененің ашық жерлеріне репелленттер жағып жүру керек.

 

Фариза МҰСАҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу