Әлем бойынша Қазақстанда тұңғыш рет бірегей операция жасалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлем бойынша Қазақстанда тұңғыш рет бірегей операция жасалды

01.08.2018

60 жастағы ер адамға әуелі жасанды, кейін донорлық жүрек салынды. Күрделі отаны Ұлттық ғылыми кардиоxирургия орталығының мамандары жасады. Әлемде тек 10 адамға жасанды жүрек салынған. Солардың 3-еуі біздің елімізде тұрады.

Бұл - жасанды жүрек соғысы. Аманғали Токовтың кеудесінде жүректің орнына биопротез тұр. Жасы – 54-те. Салмағы 3 келі аппаратты өзімен бірге алып жүреді. Сөмкенің ішінде батарея мен датчик бар. Егер ағзада бір өзгеріс болса, құрылғы белгі береді. Тілшілермен тілдесуге шыққан оның қобалжығаннан қан қысымы көтеріліп кетті.

Аманғали Токов, Ақтөбе облысының тұрғыны:

- Операцияға екі ай болады. Жағдайым жақсы. Өзім Ақтөбеденмін. 4 балам, 9 немерем бар.

Ал, бұл Алексейдің жасанды жүрегінің дыбысы. «Осы шуыл болмаса, рюкзакпен жүруге үйреніп қалдым», - дейді ол. Бұрын ауыр атлетикамен айналысқан. Өмірге құштар жан болашақта да спортпен шұғылдануын жалғастырмақ. Петропавлдық науқас жақында үйіне қайтады. Қазір оған да донор іздестіріліп жатыр.

Алексей Чабан, Петропавл қаласының тұрғыны:

- Жағдайым тамаша. Апта сайын жақсарып келемін. 36 жастамын. Ауру генетикалық жолмен келді. Менің анамның да жүрегі ауыстырылды. Қайта 12 жастағы қызымның жүрегі ауырмайды. Соған қуанамын.

Аманғали мен Алексейден басқа, былтыр күзде павлодарлық Құнанбай Абыраевқа тұңғыш рет жасанды жүрек орнатылды. Сегіз айдан соң биопротез донорлық жүрекке ауыстырылды. Бұл әлем бойынша жасалған алғашқы операция. Жүрегі әлсіреген жандарға «Кармат» аппараты салынады. Құны - 1 млн. евро. Бұл француз ғалымдарының өнертабысы. Биопротез бізге тегін берілді. Өйткені, Қазақстан жүрек операцияларын жасау бойынша халықаралық зерттеу аймағына енген.

Юрий Пя, Ұлттық ғылыми кардиоxирургия орталығының басқарма төрағасы:

- Жасанды жүрек – адам ойының жемісі. Қазіргі медицинаның құдыреті. Ал, донорлық жүрек – ол бәрібір өлген адамның мүшесі, яғни, біреудің трагедиясы. Жасанды аппарат болашақта донорлық жүректің баламасы болуы мүмкін. Сонда біз донор іздеп сабылмаймыз. Әрине, операция жасаудың қауіп-қатері өте жоғары болды. Адам өліп кетуі мүмкін еді. Бірақ, біз тәуекелге бардық. Бәрі ойдағыдай өтті.

Операция 12 сағатқа созылған. Бірегей отаны көруге шетелден 30-ға жуық дәрігер келіпті.

Махаббат Бекбосынова, Ұлттық ғылыми кардиоxирургия орталығы басқарма төрағасының орынбасары:

- Ота жасалған Құнанбай Абыраевтың жағдайы қазір жақсы. Павлодарда емделіп жатыр. Жасы 60-та. Бұрын шаруа қожалығында еңбек еткен. Ал, донор болған жігіттің ата-анасына алғыс айтамыз. Олар қайтыс болған жас жігіттің жүрегін ғана емес, бүйрегін де, бауырын да беруге келісті. Осылайша, бір адам, кем дегенде, төрт адамның өмірін сақтап қалды.

Олар - өмірге қайта келген, бір жұтым ауаның қадірін білетін жандар. Енді жаңа жүрекпен өмірдің жаңа белестерін бағындыруға үйренеді.

 

Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу