Келесі жылдан бастап дәрі-дәрмек бағасы қатаң қадағалауда болады. Тіпті, дәріханалардағы баға белгіленген көрсеткіштен асып кеткен жағдайда, жеке меншік мекеме иесіне айыппұл салынады. Мұны Денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цой айтты. Қазір шипалы заттардың құнын реттейтін заң жобасы Мәжілісте қаралып жатыр. Ал, бүгін фармацевтика саласының мамандары жиналып, аталмыш мәселені қызу талқылады.
Сара Жартушенова үш диагноз бойынша тіркеуде тұр. Кейуана дәрілерін күнделікті қабылдамаса жағдайы нашарлайды. Алайда, осынша дәріні ай сайын сатып алып отыру қиындап барады.
Сара Жартушенова, қала тұрғыны:
- Дәрілер қымбат. Айналдырған 32 мың теңгеге аламын, сол жетпейді. Балам көмектеспесе менікі түкке жетпейді ғой.
Еліміздегі 8 жарым мың дәріханада дәрі-дәрмектің 8 мыңдай түрі сатылады. Сату мекемелерінің 94 пайызы жекенің қолында. Жекені қадағалау мүмкін емес. Сол себепті, олар өндірушінің құнына еселеп баға қосады.
Бұдан былай осындай жағдайларға тосқауыл қойылады. Бұған дейін тек 2000-дай дәрінің бағасы қадағаланып келген болса, енді елімізде сатылатын 8 мыңға жуық дәрі жіті бақылауда болады. Жаңа заң жобасы министрлікке осындай құзірет бермек.
Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі:
- Дәрі жеткізушілердің 70 пайызы адал ниетпен жұмыс істейді. Олар белгіленген талап бойынша жүреді. Бағаны да шарықтатпайды. Алайда, дәріхана иелерінің ішінде арсыздары да бар. Жаңа тәртіп соларды тежейді. Заң жобасы бойынша біз дәрі-дәрмектің нақты бағасын белгілейміз де, сатушыларға сол бағадан көтере алмайтын етіп талап қойып қоямыз. Енді олар ойларына келгенін істей алмайды.
Қазір тұрғындар қай дәрі қымбат, қайсы арзан екенін салыстыра алмайды. Себебі, бағалардың реестрі жоқ. Алдағы уақытта кез келгеніміз дәрі-дәрмектің бағасын біліп отыратын арнайы сайт жұмыс істейді.
Тағы бір айта кететін жайт, сайттағы баға реестрін ұялы телефонға жүктеп алу жолдары қарастырылмақ. Яғни, дәріханаға барып алатын дәріңіздің бағасын үйіңізде отырып-ақ тексеріп алуыңызға болады. Сара әжей де бұл қызметті пайдаланамын деп қуанып отыр.
Сәуле АЛДАМҰРАТҚЫЗЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.