Қазір бір-бірінен 10-15-ақ қадам жерде қатар орналасқан екі дәріханаға кірсеңіз, бір дәріге екі түрлі бағаны көресіз. «Сонда дәріхана иелері дәрі-дәрмекке ойына келген бағаны қоя ма?» деген сауал туындайтыны сөзсіз. Енді бұл жағдай реттелетін сияқты. Өйткені, Денсаулық сақтау министрлігі дәрі-дәрмек бағасын реттейтін жаңа заң жобасын әзірлеген. Депутаттар үлгерсе, бәрі дұрыс болса, заң биыл қабылданып, Жаңа жылдан бастап бұл салада жаңа тәртіп орнауы тиіс.
Қазір кез келген қазақстандық дәрі алмас бұрын кемінде бес-алты дәріханаға барады немесе телефон арқылы бағаларды зерттеп шығады. Себебі, әр жерде әр түрлі баға. Айырмашылық 30-40 пайызға дейін жетеді. Бұл бұрыннан бар мәселе. Оны министрлік талай шешпек болған. Алайда, әлі күнге дейін нәтиже жоқ.
Министрлік халықтың жанайқайынан хабардар. Алайда, нарық билікке ырық бермей отыр. Дәрі-дәрмек бағасын құқықтық жолмен тағы да реттеп көрмек. Тиісті заң жобасын жасақтап, Парламентке енгізген.
Сатып алатын дәрілер бағасы реттелер. Бірақ 3,5 миллион науқасқа тегін берілетін дәрі-дәрмек дауы тағы бар. Жылда қаңтар-ақпан айларында науқастарға тиісті тегін препараттар жетпей жатады. Мысалы, биыл кейбір өңірде тегін берілуі керек дәрілер науқастарға жетпеген. Осындай бірнеше факті құқық қорғау органдары жіберілді.
Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Расында да мұндай жағдайлар бірнеше өңірде болды. Енді дәрі таратуда кері байланыс болады. Ол үшін СМС жүйесі қолданылады. Яғни, дәріні алған адам тегін СМС арқылы растайды.
Денсаулық сақтау министрі келесі жылы тегін дәріден ешкім таршылық көрмейді деп отыр. Себебі, жақын күндері келесі жылға арналған дәрілерді сатып алу туралы тендер ойнатылып, өңірлерге уақытылы жеткізіледі.
Дулат АБИБУЛЛАЕВ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.