Қызылордада алғаш рет қатерлі ісікке лазермен операция жасалды. Бұл Кореяның «Северанс» халықаралық медициналық қоғамдық қоры мен облыс әкімдігі арасындағы меморандум негізінде жүзеге асырылуда.
Облыстық медициналық орталықтың дәрігер-хирургі Нұржан Қылышбаев «Хиди» деп аталатын бағдарлама бойынша грант жеңіп алған. Соның негізінде Кореяда екі ай білім алды, біліктілігін шыңдады. Операцияның жаңа тәсілін үйренді.
Нұржан Қылышбеков, дәрігер-хирург:
- Замануи технологиямен жасалады. «Олимпус» компаниясы бізге 3D тіреу беріп жатыр.
Өңештегі ахалазия, асқазан мен тоқ ішек қатерлі ісігі ауруына шалдыққандар операция жасату үшін Астанаға немесе шет елге барады. Сондықтан, Нұржан кореялық әріптестерінің өңірге келуіне сеп болды, олардың көмегімен бір күнде 7 адамға жаңа тәсілмен ота жасалды.
Санг Ил Ким, Оңтүстік Кореяның Онкология және гематология орталығының директоры:
- Тоқ ішек жарасына жасалатын операция өте күрделі. Бірақ, лазермен жасалғандықтан науқас тез қалыпқа келеді, ауырсыну сезімі мүлдем болмайды. Асқазан аурулары да жиі кездеседі екен. Жалпы, мұндай күрделі операциялар Кореяның өзінде санаулы медициналық орталықта жасалады.
Операция онлайн режимде өтті. Аудандардағы барлық емдеу мекемелері түгел көрді. Облыста шет мемлекеттің клиникаларымен тәжірибе алмасу, мамандар даярлау, олардың білікті мамандарын шақыру жоспары бекітілген. Биыл 7 маман Кореяның «Северанс» клиникасына барып, тәжірибе алмасса, медициналық туризм аясында жыл басынан бері аймаққа шет елден 28 науқас келіп, түрлі медициналық қызмет алған.
Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.