Ота жасайтын жер соңғы үлгідегі құралдармен жабдықталған. Онда медицинада ангиографиялық жүйе деп аталатын құрылғы орнатылған. Мұның ТМД бойынша Қазақстанда ғана барын айта кету керек. Инновациялық аппараттың ерекшелігі сол, бірнеше адамның жұмысын екі дәрігер атқара алады. Енді бұған дейін жасалынбаған операциялар да орындалады. Осылайша, Қазақстанда жүрек ауруларын емдеу біраз жеңілдемек.
Нұрбала Жайлаубаеваның жүрек дертіне шалдыққанына 30 жыл болыпты. Жүрегінде тесік бары кеш анықталған. Кейін ол үлкейіп апаның жағдайы күрт нашарлаған.
Нұрбала Жайлаубаева, Талдықорған облысының тұрғыны:
- Өте жаман жағдайда келдім. Жүрегім аузыма тығылып, күйеуім жетектеп келді. Бірақ, міне, өзіңіз көріп отырсыздар, мен өзімді өте жақсы күйде сезініп отырмын. Қазақстанда осындай орталық барына ризамын. Маған екінші өмір сыйлады.
Нұрбала Жайлаубаеваға операция дәл осы жерде жасалды. 310 адамға ота жасап, әбден сынақтан өткен орталықтың тұсауы бүгін кесілді. ТМД-да теңдесі жоқ бірегей құрылғының ерекшелігі сол, операция кезінде ішкі ағза, сан-салалы тамырдың жұқа тіндері тайға таңба басқандай көрінеді. Бұл операцияны қауіпсіз әрі сенімді түрде жасауға мүмкіндік береді.
Әбдурашид Әбдуғаниұлы, интервенциялық кардиолог:
- Операция кезінде бүкіл сәулелік жүктемені осында ретке келтіруге болады. Бейне сапасын операция кезінде оператор өзі тікелей жасай береді. Бұрынғы компьютерлік тамография, УЗИ-ді осы кішкентай монитордан немесе мына үлкен монитордан көруге болады. Бұрын мына жақта бөлек адам отыратын. Ал, бұл бүкілін бір жерге жинаған.
Яғни, бұл жер көп адамды керек етпейді. Бұрын бір операцияны 6 адам жасайтын болса, қазір 3-4 хирург бірнеше отаны орындай береді. Бұған дейін 6-8 сағат бойы жасалатын операциялардың уақыты 3-4 сағатқа қысқарды.
Серік Әлімбаев, Интервенциялық кардиология және радиология бөлімінің меңгерушісі:
- Тамыр арқылы жүректі тоқтатпай, кеспей, шаптан немесе қолдан операция жасауға болады. Мұның ең жақсы жері мұндай операциядан кейін науқастар 1-2 күн жатады. Сауығу уақыты өте қысқа. Неге десеңіз, ешқандай кесу болмайды. Наркоз болмайды.
Сол себепті, Нұрбала апа ертең үйіне шығарылады. Өзін жақсы сезінгені сонша, медбикелер емдеу шараларын аяқтаса, жолға шығуға дайындаламын деп құлшынып отыр.
Сәуле АЛДАМҰРАТҚЫЗЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.