Нәресте туғаннан кейін барып дәрігерлер оның өте сирек кездесетін жүрек талмасына шалдыққанын анықтаған. Бірақ, шетелдің өзінде операция жасауға тәуекел етер дәрігер табылмапты. Сөйтіп, аса күрделі операцияны отандық медицина мамандарының жасауына тура келді.
Бұл 6 айлық Земфираға 6 хирург ота жасап жатқан сәт. Ұзаққа созылды, бірақ, сәтті аяқталды. Содан бері 20 күн өтті. Бүлдіршіннің жүзі бал-бұл жанып, беті қарап келеді.
Динара Төребаева, Земфираның анасы:
- 20 жыл күтіп көрген қызымыз. Біз Семейден келдік. Бөбегімнің жүрек талмасы бар екендігін үш айлығында білдім. Содан бергі үш айда ота жасайтын дәрігер іздеумен болдық. Ем жасайтын ешкім табылмай, үмітіміз үзіле бастаған сәтте Павлодарға шақырту келді.
Земфира өте әлжуаз туды. Өкпесі сырылдап, ауа жетпей алқынатын. Салмақ қосуы да өте баяу болды. Яғни, ауыр сырқат. Дәрігерлердің диагнозы қарапайым тілмен айтқанда «жүректе тесік» бар деген ұғымды білдіреді. Ол қолқа мен өкпе артериясының тарылуынан пайда болған.
Тимур Райымханов, Аймақаралық кардиорталықтың бөлімше меңгерушісі:
- Жүрек пен өкпеге баратын қан тамырлары тоғысатын жерде кішкене ғана саңылау пайда болады. Бұл өте сирек кездеседі. Мәселен, жылына 3000 сәбидің жүрек талмасына шалдыққаны анықталған жағдайда соның біреуінде ғана осындай сырқат болуы мүмкін. Әрине, бұл ретте бізде ота жасайтын тәжірибе қалыптаспаған.
Земфира үшін енді қауіп жоқ. Сәбиімен қайта қауышқан ананың да уайым кешкен күндері артта қалды.
Болат АМАНБАЕВ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.