Көше бойындағы дүңгіршектерде темекі сатуға оны сөреге шығарып қоюға тыйым салу. Әуежайлар мен кафе, мейрамханалардағы темекі тартатын орындарды жабу. «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» жаңа кодексте осындай нормалар ұсынылған. Алайда, бұл бастамаға кәсіпкерлер қарсы. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында аталған құжаттың бірнеше тармағы талқыланды. Кодексте алкоголь мен табак өнімдерінің жарнамасы мен айналымын шектейтін көптеген нормалар ұсынылған. Кәсіпкерлерді білім беру мекемелерінен 100 метр радиуста табак өнімдерін сатуға болмайды деген норма алаңдатып отыр. Олардың сөзінше, бұл бастама жүзеге асса, мыңдаған кәсіпкер жұмыссыз қалмақ. Мұндай шектеу бірнеше жыл бұрын алкоголь өнімдеріне қатысты енгізілген. Алайда, көп кешікпей бұл заң талабы күшін жойған. «Сондықтан кодексті әлі де кеңінен талқылап, ортақ шешімге келу керек», дейді олар. Денсаулық сақтау министрлігі бұл мәселелер бойынша әлі де жиындар өткізетінін айтты.
Қуаныш Серкенов, Мейрамханалар мен қонақүйлер бизнесі кәсіпорындары қауымдастығының заңгері:
- Біз келісеміз, бірігіп, күресейік. Заң талаптарын жетілдірейік. Мейрамхана, тағы басқа қоғамдық орында табак тартуға рұқсат етілген және рұқсат етілмеген аймақ болып екіге бөлінуі керек. Қазіргідей кішкентай бөлмелер кәсіпкерлер үшін тиімсіз.
Дулат АБИБУЛЛАЕВ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.