Еңбекке жарамсыздық туралы анықтаманы бұрынғыдай сатып немесе қолдан жасап алып, жұмыстан қалу енді келмеске кетуі мүмкін. Алайда, әзірге тек Астанада. Себебі, елордадағы емханаларда арнайы QR-коды бар анықтамалар беріле бастады. Яғни, кадр қызметіндегі мамандар енді анықтаманың жалған немесе шынайы екенін оп-оңай анықтай алады.
Бұл - Астанада былтыр күзде құрықталған қылмыстық топ. Олардан 200 жалған медициналық анықтама бланкасы мен жүздеген санитарлық кітапша, мөрлер тәркіленді. Бұл саланы кәдімгі бизнеске айналдырған. Ұсталған үш азамат жуырда екі жылға сотталды. «Астана адалдық алаңы» жобасы аясында құзырлы органдар мұндай заңсыз кәсіпті түбімен жоюға тырысуда. Енді еңбекке жарамсыздық туралы медициналық анықтаманы беру тәртібі өзгереді.
Жанар Оспанова, дәрігер:
- Науқас учаскелік дәрігерге қабылдауға келеді. Дәрігер науқасқа электронды түрде еңбекке жарамсыздық парағын ашады және оны жабар кезде де электронды түрде жабады. Оны алу үшін науқас еңбекке жарамсыздық парағы берілетін кабинетке келіп, куәлігін көрсетіп, осындай штрих кодымен электронды түрде еңбекке жарамсыздық парағын алады.
Кодты «Смарт Астана» қосымшасындағы сканер арқылы оқуға боалды. Бұл өзгерістер әзірге тек Астанада. Тәжірибені өңірлерге де тарамақ. Дегенмен, 086-шы анықтама мен санитарлық кітапшаны беруде әлі де заңсыздықтар бар. Бұл мәселе қалай шешілмек?
Алмаз Әмірзінов, «Astana Innovation» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары:
- Санитарлық кітапшалар мен 086-шы анықтама мәселесіне қатысты жауап беруге әзір емеспін. Бірақ, проблема бар. Біз оны әкімдікпен талқылап жатырмыз. Әзірге кадр қызметінің мамандары «Смарт Астана» қосымшасымен тек еңбекке уақытша жарамсыздық анықтамасын тексере алады.
Емханаларда сондай-ақ, енді әрбір дәрігердің кабинетіне кіреберісте мынадай QR кодтар орнатылады. Ол арқылы дәрігерді бағалап, арыз-тілек қалдыра аласыз.
Дулат АБИБУЛЛАЕВ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.