Астанада №2 ауруханада шала туған балаларды күтуге арналған арнайы бөлімше ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада №2 ауруханада шала туған балаларды күтуге арналған арнайы бөлімше ашылды

04.02.2019

Астанадағы №2 көпбейінді қалалық аурухананың базасында 1 жасқа дейінгі балаларға арналған тегін Катамнез бөлімшесі ашылады. Бұл бөлімшенің ерекшелігі  шала туған, салмағы аз, сондай-ақ, денсаулығында ақауы бар балаларға арнайы көмек көрсетіледі. Осылайша, білікті мамандар мен заманауи құрылғылар тәуекел тобындағы нәрестелердің өмірін сақтап қана қоймай, оларды мүгедек болудан сақтап қалмақ.

Бұл – Әдия есімді ханшайым. Әбішевтер отбасының тұла бойы тұңғыштары. Асыға күткен балапаны. Соны сезсе керек, Әдия мерзімінен 2 ай бұрын дүниеге келді. Небәрі 400 грам салмақпен.

Ләйлә Әбішева, жас босанған ана:

- Бала шала туған. Мұндай жағдайда ата-ана қорқып қалады. Бірініші бала болса, тіпті не істеріңді, қайда барарыңды білмей дал боласың. Осы ретте, Катамнез бөлімшесі дер кезінде ашылды. Бөлімше талай шақалақтың жанын сақтап, ата-анаға бақыт сыйлайтынына сенімдімін.

Шала туған балаларды медицина тілінде «катамнесі» бар нәрестелер деп атайды. Яғни, катамнес сөзі - ерекше күтімді талап ететін балалар. Себебі, мерзімінен бұрын, салмағы аз болып туған балалар әртүрлі патологиямен өмірге келеді. Астанада жыл сайын мұндай 1500 бала дүние есігін ашады.

Жанерке Әжетова, №2 көпбейінді қалалық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:

- Бұл - ерекше балалар. Салмағы 500-600 граммнан жоғары. Көбінесе мерзімінен ерте туған балалар. Екіншіден, мезгілінде туған, бірақ, кейбір неврологиялық, кардиологиялық потологиялыармен туған балалар.

Бөлімше бір жылда шала туған 260 баланы адам қатарына қоспақ. Шақалақтар бұл жерде әртүрлі массаж алады. Сондай-ақ, войта-терапия, бобат-терапия сияқты баланы бұл өмірге тез бейімдейтін тәсілдермен емдемек.   

Иван Ли, №2 көпбейінді қалалық аурухананың бас дәрігері:

- Нәресте, мәселен 40-шы аптада, 28-ші, 30, 35 немесе 36-шы аптада туатын болса, онда оған ерекше ем мен күтім керек. Сал ауруымен туатын балалар да бар. Ондай санаттағы нәрестелерді анасымен бірге емдеу мекемелері алғысы келмейді. Себебі, 1 жасқа дейінгі баланы балалар ауруханасы қабылдамайды. Шала туған балалардың аналары осындай мәселеге тап болады.

Бөлімше балаға төнер қауіпті алдын ала анықтап, оңалтуға жәрдемдеседі. Осылайша, балалар арасында жиілеген мүгедекдік пен өлім-жітімді азайтпақ. Әлбетте, Әдия сияқты шала туғандар ұдайы бақылауда болмақ. 

Армангүл ТОҚТАМҰРАТ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу