Аутизм дертімен ауыратын балаларға көмек қажет - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Аутизм дертімен ауыратын балаларға көмек қажет

11.02.2019

Біріншіден, науқас балғындармен жұмыс істейтін мамандар тапшы. Екіншіден, оларға арналған балабақша, мектеп жоқ. Сол себепті үлкендер жұмыстарын тастап үйде отыруға мәжбүр. Осылай дабыл қаққан аналар «Аinar» қоғамдық қорына бірікті. Өздерінің жан айқайын сол қор арқылы құзырлы мекемелерге жеткізбекші. Әзірге тағдырлас келіншектер жиі бас қосып, психолог мамандардың кеңесін алып, бір-біріне қолдау көрсетіп жүр.

Нұргүл қызының басқа балалардан ерекше екенін ертерек сезеді. Уақытында тілі шықпаған Айнараны дәрігерге апарады. Алайда, мамандар «баланың дені сау, 3 жастан кейін сөйлеуі мүмкін» деп қайтарған. Күмәні сейілмеген ананың психиатрға баруына тура келіпті.

Нұргүл Балтабайқызы, «Аinar» қоғамдық қорының директоры:

- Емхана ештеңе анықтаған жоқ. Мен бала сөйлемегесін, мінез-құлқы бұзылған соң, логопедке бардық. 4 жасында. Жүрегіңізге тисе де айтайын, аутизм бар сияқты деді. Психиатр анық айтып берді. Медициналық мекемелерде ерте диагностика енгізілмеген. Педиатр, невролог мамандар аутизмнің ерте белгілерін білмейді.

«Аутизмді ерте анықтай алмаудың бірнеше себебі бар», - дейді мамандар. Бұл дертті тану үшін үнемі біліктілігіңді жетілдіріп отыруың қажет. Оған дәрігердің жалақысы жетпейді. Қазір министрлік оларды оқыту шараларын қолға алыпты.

Татьяна Дегтярь, балалар психиатры:

- Мамандар жетіспейді. Егер ол жалпы тәжірибедегі дәрігер болса, ол үлкендерді де, жүкті әйелдерді де, балаларды да қабылдайды. Әрине, бар болғаны 15 минуттың ішінде баланың бойындағы ерекшелікті байқай алмауы мүмкін.

Дертті байқағанның өзінде кейбір ата-аналар баласының науқастығын қабылдағысы келмейтін көрінеді. «Сөйтіп өз беттерінше емдеп жүргенде уақыт өткізіп алады», - дейді мамандар.

Сәуле Сұрағанова, дефектолог:

- Біздің бала ондай емес дейді. Біздің бала ерке деп шыға келеді. Бізге кейде балалар 5-6 жасында келеді. Ол тым кеш. Ертерек неге ойламадыңдар. Басқа балаларға қарағанда айырмашылық бар ғой, сіздің балаңыз сөйлейді, айтады, жоқ бізде атасы кеш сөйлеген, анасы кеш сөйлеген дейді.

«Дертті қабылдағанмен, мүгедектікті растаудың өзі қиямет», - дейді аналар. Соның кесірінен кейбір науқас балалар тіркеуде жоқ. Әсіресе, алыс ауылдағылар.

Ал, білім беру орталықтары жоқтың қасы. Бәрі жеке. Оны көбінің қалтасы көтере бермейді. Астананың өзінде бір ғана мемлекеттік мекеме бар. 100 балаға арналған орталықтың кезегін күтіп жүргендер қаншама. Министрлік бұл жайдан хабарсыз секілді.

«Аутизм дертінен айығу мүмкін емес, алайда үздіксіз жұмыстардың арқасында оларды ел қатарына қосуға болады», - дейді психологтар. Бұдан ата-аналар да үмітті.

Сәуле АЛДАМҰРАТҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу