Денсаулық сақтау саласындағы түйіткілді мәселелер шешімін табуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Денсаулық сақтау саласындағы түйіткілді мәселелер шешімін табуда

15.02.2019

Өткен жылдың қорытынды есебімен таныстырған министр Елжан Біртанов осылай деді.

Саланың ең өткір мәселелерінің бірі - сол баяғы кадр жетіспеушілігі болып отыр. Ол өңірлерде қатты сезіледі. Анестезиолог, реаниматолог, психиатр, терапевт, акушер-гинекологтар жетпейді. «Медициналық жоғары оқу орындары дәрігерлерді оқытып-ақ жатыр. Бірақ олар жұмыс орындарына жете бермейді. Себебі ауылға барған дәрігерлер әлеуметтік көмекті толық көлемде алмайды», - деді министр.

Енді жас мамандар жергілікті атқарушы органдар тарапынан барынша қолдау көрсететін өңірлерге жіберілмекші. Ал, бөлімшелік дәрігерлердің жалақысын көтеру үшін қазынадан 27 млрд теңге бөлініпті. Біртановтың айтуынша, былтыр дәрігерлердің орташа жалақысы 142 мың теңгеге жеткен. Бүгінгі жиында саланы цифрландыру барысы да айтылды. Соның бірі - мобильді қосымшалар арқылы ұялы телефонмен де қолжетімді болатын денсаулық паспорты. Жаңа жоба биылғы жазда жүзеге асады деп жоспарланып отыр.

Министрліктің бүгінгі қорытынды жиыны оған қатысушылардың биімен де есте қалды. 50 минуттай баяндама жасаған министр «салауатты үзіліс жасайық» деп ұсыныс тастады. Би демалысы бір сағатқа жуық уақыт баяндама тыңдап, маужырап отырғандардың ұйқысын ашып, сергітіп тастағандай көрінді. Жақында Женевада өткен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының отырысына қатысушылар да дәл осылай би билеп, қозғалыстың денсаулыққа маңызды екеніне назар аударған еді.

Сәуле АЛДАМҰРАТҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу