Өсімдіктің бұл түрі әлемнің бірқатар елдерінде емдік мақсатта қолданылып жатыр. Ал, Қазақстанды қарасораның отаны десек те болады. Бірақ онкологиялық ауруларды емдеуде аталған өсімдікті пайдалана алмай отырмыз. Есесіне, елімізде қауіпті індет артып келеді. Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында онкологиялық ауруларды емдеуде техникалық карасораны пайдаланудың халықаралық тәжірибесі талқыланды.
Қарасора Қазақстанда қаулап өседі. Бұл шөпті есірткі заттарын алатын улы өсімдік ретінде қараймыз. Алайда, оның медициналық мақсатта пайдасы орасан зор. Кәдеге жарата білсеңіз есірткіге елітпейді, керісінше кеселді емдейді. Талма аурулары, диабет, тыныс алу жолдары, тамыр буын аурулары тіпті, қатерлі ісікке де таптырмас ем.
Лиор Уэйн, MAWI компаниясының бас атқарушы директоры:
- Қазіргі таңда әлемде бұл әдіс түрі кеңінен қолданып жатыр. Нақты дәлелдер бар. Қарасорадан әзірленген май демікпе, сусамыр, ұмытшақтық, және т.б онкологиялық ауруларды емдеуге көп көмектеседі.
Израильдік медицинаны әлем мойындайды. Еуропа мен Американың да алдында тұр. Осы елде соңғы 20 жылда қатерлі ісіктен болатын өлім көрсеткіші 25 пайызға дейін азайыпты. Олар обырмен осы қарасорадан жасалатын дәрі-дәрмек арқылы күресіп жатыр. Дәрігер-онколог Джонатан Грюнфельд карасора майының арқасында 5000-ға жуық науқасты жазып шыққан.
Джонатан Грюнфельд, дәрігер-онколог:
- Бұл әдісті көп адам дұрыс түсінбей, есірткі ретінде қабылдайды. Бірақ бұл мүлдем басқа тәсілмен әзірленген. Техникалық қарасораны пайдалану мен есірткі екеуі екі бөлек. Тек ажырата білу керек.
Ал, Қазақстанда онкологиялық аурулар саны артып келеді. Қазіргі таңда елімізде қатерлі ісіктің әртүрлі түрімен 170 мыңнан астам адам есепте тұр. Қауіпті дерттен жыл сайын 15 мың адам қайтыс болады. Замик Рахимли қарасора майының арқасында қатерлі дерттен айығыпты. Оның ендігі мақсаты – өзгелерге көмектесу.
Замик Рахимли, қазақстандық компанияның бас директоры:
- осыдан бірнеше жыл бұрын мен өзім лимфа түйіндерінің қатерлі ісігіне шалдықтым. Алдымен онколог мамандарынан толық ем қабылдадым. Кейін осы майдың бар екенін біліп, курс бойынша 6 ай қабылдадым. Содан кейін дерттен құлантаза айықтым. Өзім ауырған кезде қатты қиналдым, мен сияқты басқа тағдырластарыма көмектесу мақсатында осы іспен айналысып жүрмін.
Бізде өсетін қарасора шөбін емдік мақсатта пайдалануға келмейді. Ол үшін арнайы медицинаға арналған түрін өсіріп, баптау қажет. Мамандар осы мақсатта өсіруден, дайын өнімге дейінгі үрдіспен айналысатын арнайы компания ашқан. Алматыдан. Тек енді өсімдікті егуге құзырлы органдардан ресми рұқсат қажет. Қазір келіссөздер жүріп жатыр. Егер жоба жүзеге асса, онда қатерлі дерттен айығуға кететін шығын көлемі еселеп азаймақ.
Әсима НҰРБАЙҚЫЗЫ