Ауруханаларда дәрі-дәрмекті жарнамалауға тыйым салынады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ауруханаларда дәрі-дәрмекті жарнамалауға тыйым салынады

24.05.2019

Енді алдына келген науқасқа дәрігер белгілі бір дәрінің атын жазып беруге құқы жоқ. Өндірушінің өнімін жарнамалаған медицина қызметкері жазаланады. Елімізде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді реттеуге бағытталған жаңа талаптар енгізіліп жатыр. Ал, бірыңғай баға 9 шілдеден бастап күшіне енеді. Бүгін елордада мамандар осы сала төңірегіндегі проблемаларды талқылады.

Бұрын алдына келген науқасқа дәрігерлер дәрінің кез келгенін жазып бере салатын. Ал бұдан былай дәрі-дәрмектердің саудалық атын жазуға тыйым салынады. Тек дәрінің құрамын ғана көрсетуі керек. Яғни, өндірушінің мүддесін қорғауға, қолдауға болмайды. Препараттарға медициналық жарнама жасауға жол жоқ. Дәрі-дәрмектерді нарықта айналдыру бойынша елде этикалық норма енгізілді.

Жұпар Байпақбаева, Еуразиялық медициналық қауымдастықтың атқарушы директоры:

- Мысалы, аспирин. Саудалық атау. Ал, оның халықаралық патенттелмеген атауы ацетилсалицил қышқылы. Дәріханаға барған кезде фармацевт қандай дәрілер, өндірушілердің барын, әсері қандай, бағасы арзан-қымбаттарын айтуға міндетті.

Ережені ескермеген жағдайда дәрігерлер әкімшілік жазаға тартылады. Ескерту жасалады, айыппұл арқалайды, одан нәтиже шықпаса, сертификатынан айырады. Бірақ осы ақ халаттылардың жұмысына бірқатар келеңсіздіктер кедергі келтіруде. Тегін дәрі-дәрмекті үйлестіру жүйесі жүйеленбей тұр. Қазір олар екі жүйемен жұмыс істеулеріне мәжбүр. Салдарынан кейбір препараттар артық, кейде кем жоспарланып жатқан көрінеді.

Берік Шәріп, «СК-Фармация» компаниясының басқарма төрағасының міндетін атқарушы:

- Қазір екі жүйені біріктіру үшін жұмыс жүргізіліп жатыр. Өкінішке қарай, қазір әлі жоспар бойынша 1-2 айдың ішінде шешіледі.

Ал 9 шілдеден бастап елдегі дәрі-дәрмек бағасы реттелетін құқықтық құжат күшіне енеді. Республика бойынша препараттардың бағасы бірыңғай бағада сатылатын болады. Заңбұзушылықтар анықталған жағдайда дәріханалардың қызметін тоқтатуға дейінгі қатаң жаза қарастырылып отыр.

Әсима НҰРБАЙҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу