Түркістан облысында №086 медициналық анықтамасы әртүрлі бағамен сатылып келген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында №086 медициналық анықтамасы әртүрлі бағамен сатылып келген

05.06.2019

Түркістан облысындағы бірқатар емханалар №086 медициналық анықтамасын оңай табыс табудың көзіне айналдырған. Азаматтардың денсаулығына байланысты берілетін анықтама ақ халат иелерінің тәбетіне байланысты беріліп келген. Яғни, құжат әр жерде әртүрлі бағамен сатылған.

Мәселен, Кентау қаласындағы №3 емхананың мамандары анықтаманы 3 700 теңгеге жасап беруге келіссе, Қазығұрт ауданының дәрігерлері құжатты 2600 теңгеге бағалапты.

Медицина саласындағы «бармақ басты, көз қысты» әрекетті Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өңірдегі өкілдігі анықтады. Ол үшін департамент мамандарына жасырын сатып алушы тәсілін қолдануына тура келген.

Жалпы, өңірдегі Денсаулық сақтау саласындағы сыбайластықты жою мақсатында былтыр емханалар түгелдей компьютерлік техникамен жабдықталды. Жаңа жүйе бойынша анықтамалардың барлығы электронды түрде берілуі тиіс еді. Алайда Түркістандағы бүгінгі жағдай басқаша болып отыр.

Мұқсан Егізбаев, облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Видеодағы екі сюжет бойынша кінәлілер жұмыстан босатылады. Қазығұрт ауданы мен Кентау қаласындағы бас дәрігердің кемшілігі деп білеміз. Кентаудың бас дәрігері өткенде аттестациядан өтпеген. Қазір демалыста жүр. Келгеннен кейін мәселесі қаралады.

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

 

Хабарламаларға жазылу