Адам жанының арашашылары арамызда жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Адам жанының арашашылары арамызда жүр

12.06.2019

Бүгінгі күннің батырлары арамызда жүр. Елімізде адам мен аурудың арасына араша түсіп жүрген ақ халатты абзал жандар аз емес. Олар түрлі деңгейдегі медицина мекемелерінде, республиканың түкпір-түкпірінде қызмет атқаруда. Осылай еңбек етіп жүрген бірнеше көкшетаулық дәрігермен әріптесім Ермек Елберген жүздесіп қайтты.

Макшарип Мартазановтың күнделікті жұмысы науқастардың жағдайын білумен басталады. Ол көпсалалы облыстық ауруханада неврологиялық бөлімше меңгерушісі. 30 жылдық еңбек өтілі бар маманды ақмолалықтар жақсы таниды. Өзге аймақтардан келіп емделетіндер де баршылық.

Зиля Төреғожина, емделуші:

Ол кісіге 7-8 жылдан бері көрініп жүрмін, меңгеруші ғой. Жақсы, өте әдебиетті, сыпайы. Емдеуі бәрі ұнайды маған. Мен белден грижа болып ауырамын. Аяғымды баса аламай қалып жүрмін. Жаман емес ризамын. Аурухана таза, медбикелер әдепті. маған ұнайды.

Жоғары санатты дәрігер еліміздегі медицинаның мүмкіндіктері молайып келеді дейді. Мәселен, қазір облыстық ауруханада жүйке жүйесіне, ми тамырларына күрделі операциялар жасалады. Қысқасы, мамандар түрлі заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген.

Макшарип Мартазанов, неврологиялық бөлімше меңгерушісі:

Қазір технологиялар жылдам дамуда. Жұмыс істеуге қажетті құрылғылардың барлығы бар деп айтуға болады. Дегенмен бастысы дәрігердің біліктілігі. Сондықтан әрдайым білімімізді жетілдіріп отыруымыз қажет. Тағы бір маңызды қасиет әрбір науқасқа ең жақын адамың ретінде қарау деп ойлаймын.

Көкшетаулықтар балалары ауырып қалса, Әлия Гайнутдинованы іздейді. Себебі ол қаладағы тәжірибелі білікті педиатр. Өмірінің 27 жылын денсаулық сақтау саласына арнаған дәрігер мамандығын ерекше сүйеді.

Әлия Гайнутдинова, педиатр-дәрігер:

Педиатр болу маған ерекше ұнайды. Біріншіден, балалардың ағзасы ем-дом шараларына жылдам әсер етеді. Екіншіден, бала деген өмірдің қуанышы ғой. Сондықтан оларды емдеу мен үшін өте маңызды. Бүлдіршіндерді қатты жақсы көремін. Тілегім ем алған балалар қайтып ауырмаса екен деймін.

Гүлнәр Балташева, әріптесі:

Әлия Шартинқызын 10 жылдай білемін. Әрқашан ауруды анықтау бойынша, емдеу шараларын тағайындау бойынша нақты кеңестер береді. Нағыз өз ісінің маманы. Біздің ол кісіден үйренетініміз өте көп. Ұжымда сыйлы. Оны балалар да, ата-аналар да жақсы көреді.

Бүгінде Ақмола облысында денсаулық сақтау саласында 14 мыңнан астам маман бар. Оның 1865-і дәрігер болса, 9 мыңнан астамы сол бағытта еңбек етіп жүрген қызметкерлер. Олар мамандыққа қашанда адал болып, ұлт денсаулығын сақтау үшін тер төгуге әзір.

Ермек ЕЛБЕРГЕН

Хабарламаларға жазылу