ШҚО: Медициналық мекемелер емдеу сапасын әлемдік деңгейге көтеруді көздеп отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ШҚО: Медициналық мекемелер емдеу сапасын әлемдік деңгейге көтеруді көздеп отыр

17.06.2019

Көп ұзамай облыс тұрғындары емделу үшін Еуропаға сабылмай, керісінше, шетелдіктер Шығыс өңіріне келе бастайды. Осы мақсатқа жету үшін соңғы бірнеше жылда аймақтағы медициналық орталықтарды заманауи құрал-жабдықпен қамту үшін 25 миллиард теңге бөлінген.

Дәрігерлер де Елорда мен алыс-жақын шет елдерде білімін жетілдіріп, кәсіби шеберлігін шыңдауға мүмкіндік алды. Денсаулық сақтау саласын жаңғырту бойынша кешенді жұмыстардың игілігін халық көріп отыр.

Былтырдан бері Шығыс Қазақстанда біраз операция роботтардың көмегімен жасалып жатыр. Қазіргі таңда мұндай мүмкіндік Нұрсұлтан және Өскемен қаласындағы дәрігерлерде ғана бар. Осы роботтандырылған хирургиялық орталық ашылғаннан бері бұл жерде 100-ден астам адамға операция жасалған.

Өскемендегі мамандандырылған медициналық орталықта осы робаттардың көмегімен операция жасайтын кәсіби маманның бірі — Ринат Мұздыбаев. Урология бөлімшесінде жүмыс істейтін жас дәрігер шет елдің озық тәжірбиесін жақсы меңгерген. Заманауи технологиямен операция жасаудың қыр-сырын муляжды қолданып әріптестеріне де үйретіп жүр.

Ринат Мұздыбаев, дәрігер-уролог:

Оқуға Миланға және Германияның Зиден деген қаласына бардық. Осы қалада біз робот қалай жұмыс істейтінін қарадық, сосын Миланда өзіміз қалай қосылатынын, қалай жұмыс істейтінін оқып, үйрендік.

Александр Патрин де адам өмірін ұзартуға септігін тигізіп, ажалдан арашалаушы дәрігер мамандығын таңдаған. Қазір облыстық «Ана мен бала» орталығында бөлімше меңгерушісі болып жұмыс істейді. 15 жылдың ішінде акушерлік анестезиолог ретінде 10 мыңнан астам операцияға қатысқан. Қазір бүкіл облыста ол сияқты 10-ға жуық қана маман бар.

Александр Патрин, «Ана мен бала орталығы» анестезиология және реанимотология бөлімшесінің меңгерушісі:

Біздің жұмыстың жауапкершілігі өте мол. Жалпы хирургиядағы анестезиолог бір науқасқа қараса, бізде үш-төртке дейін болады. Кейде экстремалдық жағдайда жұмыс істейміз, ондайда дайындыққа, барлық анализдарды талдауға уақыт болмай қалады. Ол кезде өткір пышақтың жүзінде жүргендей күйде боламыз.

Соңғы 3 жылда жылда Шығыс Қазақстанда 150-ден астам дәрігер шет елдің озық клинкаларында біліктіліктерін арттырған. Олардың қатарында Александр Патрин де бар. Ол кәсіби шеберлігін Лондонға барып шыңдап келген. Медициналық қызметтің сапасына тек дәрігердің ғана емес, оның қасындағы медбикелердің біліктілігі де көп әсер етеді. Сондықтан, алдағы уақытта орта деңгейлі медициналық қызметкерлер де Еуропа елдеріне оқуға жіберіледі. Аймақ басшылығы алдағы 5 жылда Шығыс Қазақстандағы медицинаны еліміз бойынша ең үздік дәрежеге жеткізуді көздеп отыр.

Берік КӨШЕРБАЙ

 

Хабарламаларға жазылу