«Сау жүрек айлығы 2019» акциясы екінші мәрте ұйымдастырылып отыр. Акция шеңберінде велошеру, Moldanazar тобының жеке концерті, ұтыс ойындары ұйымдастырылды. «Мақсат - қоғам назарын жүрек трансплантологиясына аударту», - дейді ұйымдастырушылар.
Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығының маңы бүгін мерекелік көңіл-күйге толы. Мұнда денсаулықтың қадірін жете түсінген, жүрек трансплантологиясы мәселесіне бейжай қарамайтын адамдар жиылған. Олар 12 шақырым аумақты велоспиедпен жүріп өтпек.
Анархан Бейсенғұлованың туысқаны осы орталықта жүрегіне операция жасатқан. Қолы шипалы жаңдар бастаған акцияға атсалысу үшін отбасымен келген. Оның ойынша, спорт - денсаулық кепілі.
Анархан Бейсенғұлова, қатысушы:
Туыстарымды қолдап, қатыспақпын.
Велошеруге 400-ден астам адам қатысты. Қатысушылар арасында күні кеше жүрегіне ота жасатқан науқастар да бар. Аталған адамдардың қашықтықты толық жүріп өтуі - отандық медицина жетістігінің айнасы іспеттес. Жеті жылда орталықта 80 адамның жүрегі ауыстырылды. Одан бөлек, Орталық Азияда бірінші болып осы жерде өкпе ауыстырылды.
Юрий Пя, «Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы» АҚ-ның басқарма төрағасы:
Ең алдымен ел осындай трансплантологиялық орталық бар екенін білуі үшін шараны бастадық. Бізде жүрегіне ота жасатқан адамдар қоғаммен араласып жүр.
Шара соңында Moldanazar тобының концерті мен бағалы сыйлықтардың ұтысы өтті. Қайырымдылықтан жиналған қаржы кардиохирургия саласының дамуына бағытталмақ.
Ғабит БӨКЕНБАЙ