Теріскейде дәрігер тапшы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Теріскейде дәрігер тапшы

26.08.2019

Өңірдегі емдеу мекемелеріне 240 медицина маманы қажет. Аудандағы ауруханаларда 80-нен астам маманның жоқтығынан тұрғындар облыс орталығына сабылуға мәжбүр. Жергілікті атқарушы билік жас мамандарды тарту үшін арнайы бағдарлама әзірлеп, көтерме ақы мен пәтер алу мүмкіндігін де қарастырған.

Рәмзия Ысқақова нөмірі бірінші қалалық емханаға тіркелген. Егде жаста болғасын, басы ауырып балтыры сыздайтын кездері жиі болады. Жөтел қысқасын бүгін емханаға келді.

Рәмзия Ысқақова, қала тұрғыны:

Учаскелік терапевт болмағасын басқа учаскенікіне жібереді. Талон алып, 3-4 сағат отырасың күтіп. Кәрі адамға қиын ол.

Әсел Қажығұлова биыл ғана оқуын тәмәмдап Петропавлға келген жас маман. Екі апта бұрын қалалық емханаға жұмысқа тұрды.

Әсел Қажығұлова, дәрігер:

Қазір міндеттерім көп. Басында қиналдым, әріптестерм кеңес беріп, көмектесіп тұрады.

Дәрігер тапшылығы теріскейдегі ең өзекті мәселелердің бірі. Қазірдің өзінде 240 маман жетіспейді. Әсіресе, ауылды жерлерде қиын. Аудандарға 27 терапевт пен 21 педиатр керек. Бұның басты себебі мамандардың көбінің зейнетке шығуы мен жастардың ауылға баруға құлықсыздығынан дейді мамандар.

Дәуренбек Бейсембаев, Облыстық Денсаулық Сақтау Басқармасы Басшысының Орынбасары:

Мен өзім 30 жыл дәрігермін, 15 жыл ауылда істедім. Қазір жастар ауылға барғысы келмейді, бәрі қалада қалуға тырысады. Ауылға барып 10-15 жыл дәрігер болса мықты дәрігер болып шығады.

Жалпы биыл ауылды жерлерге 87 жас маманды тарту көзделіп отыр. Медециналық білімі бар мамандармен келісім жасалған. Жергілікті атқарушы билік өкілдері тарапынан оларға баспана беріледі. Бұған қоса әр маманға 1,5 миллион теңге көлемінде көтерме ақы да қарастырылған.

Хабарламаларға жазылу