Қазақ үшін жылқы – тектіліктің нышаны - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақ үшін жылқы – тектіліктің нышаны

01.01.2014
Қазақ үшін жылқы – тектіліктің нышаны
Біз қазақ халқы, «тегіміз – түркі, түлігіміз – жылқы» деп өскен елміз.  Келер Жаңа жыл қазақ халқы ерекше құрметтейтін – жылқы жылы. Жаңа жылқы жылына қадам басар тұста, жылқы жануарының қасиеті жөнінде аз-кем тоқталып кеткенді жөн көрдік.
 
«Жылқы жылы – жұтсыз». Бұл – қазақтың жылқы жылына жасаған тұжырымы. Тарихқа көз салсақ, жалпы жылқы жылы жұтсыз, еліміз үшін жайлы болған.  Сондықтан да, қазақ жылқыны ерекше қастер­лейді. Амандық-саулық сұрасқанда да, алдымен, «мал-жан аман ба?» деп төрт түлік малының жай-күйін түген­деген.
 
Ел тарихының айтулы кезеңдері де осы тұлпар тұяғымен жазылған. Жылқы қазақтың ұлттық сана-сезім, рухани болмыс, тұрмыс-салт, әдет-ғұрып, мәдениет пен өнерінің тұтас бір айырылмас бөлігіне айналып кеткен.  Себебі, ол жарынан кейінгі жақсы көретін жан серігі, қасиеті қанына сіңген – жануар.
 
Қазақ баласы жылқы түлігін төресіндей көретіні сонша, қазақ жылқы мінезді деп, өзінің мінез-құлық, бітім-болмыс, жан дүниесінің айқындаушысына айналдырып алған. Бұлай өзінің жаратылысына жылқыдан ұқсастық іздеу – тек қазаққа ғана тән қасиет әрі бұл – қазақтың осы түлікке деген аса жоғары құрметі.
 
Осы жылқыға алғаш жүген салған қазақ екенін әлем ғалымдары мойындап отыр. Атам заманда қолға үйретіліп, адамзат баласының қажетіне жаратқан жылқы түлігі – көшпенділердің ең қадірлі жануары.
 
Жылқыны қадір-қасиетіне қарай «арғымақ», «жабы» деп бөледі. Арғымақтарды халық өте жоғары бағаланған. Олар негізінен адамға адал дос бола алатын әрі жүйрік, әрі алғыр жылқы тұқым­дары. Сондықтан да арғымақтан шыққан ерекше тұлғаларын ерте кездерде «тұлпар», «сәйгүлік», «пырақ», «дүлділ» деп атаған.
 
Жылқы малы текті, тек таза суды ғана ішеді, шүйгін шөпті де аузына іліккенін асамай, талғап-таңдап жейді. Үйірімен бірлікте өмір сүріп, бөтен топты қатарына қоспайды.  Мұндай тектілік жылқының дүбірін естісе, елең ететін қазақтың да бойында кездеседі. Сондықтан, қазақ «У ішсең, руыңмен» дегенді айтқан.
 
Тұнық, таза су ішіп, шөптің де асылын теріп жеген жылқының еті де, сүті де құнарлы. Қымыз – қазақ халқының ұлттық тағамдарының ішіндегі ең құрметті дәм. Құра­мында ағзаның қорғаныс қабілетін арттыратын В тобы витаминдері бар. Қымыз – дертке шипа, денеге – күш.
 
Жылқының қылы да ем. Оны жағып, күлін ауызы уылған баланың аузына, адамның күйген жеріне сепкен. Суық тиіп, ауырған адамдарға жылқының жүрек майын аз-аздан шикідей жегізіп отырған.

Жылқы жануарының бір жылдық ауа райын болжайтын қасиеті де бар. Сәуір айында жылқы ықтаса, келер жылы қыс қатты болады. Жылқы басын көп шұлғыса, келер қыс жайсыз болады екен.
 
Жылқы қозғалыс, белсенділік жануары. Сол себепті, бұл жылда белсенді жобаларды іске асырып, мол табысқа кенелулеріңізді тілейміз!

Хабарламаларға жазылу