Мүшел деген не? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мүшел деген не?

01.01.2014
Мүшел деген не?
 
Мүшел жас - қазақ халқының адам жасын есептеу үлгісі.  Баланың 13 жасқа толуы - алғашқы мүшелі деп аталады. Одан кейінгі мүшел жасы әр 12 жыл қайталанған сайын есептеледі. Яғни он екі жыл уақыт - бір мүшел деп аталады.
 
Мүшел – 12 жыл уақыт атауы. Бұл тәсіл өткен жылдарды есептеуге де, адам жасын анықтауға да өте ыңғайлы әрі бірден-бір оңай есептік жүйе. Қазақ халқы адамның өміріне байланысты бірінші мүшелді ананың құрсағындағы мерзімді есептеп 13 деп алған, ал қалған жасына 12 жылды қосып, 25, 37, 49, 61, 73, 85 т.б жастарды адамның өміріндегі маңызды жылдар деп есептеген.
 
Халық ұғымында әр мүшел адам өміріне қауіпті жыл деп саналғандықтан, мүшел жасында біреуге жаңа киімін беріп, садақа жасайды. Бұл жаста әр адам сақтанып жүреді, алыс сапарларға шықпайды. Қазақ халқының бұлай сақтануы - негізсіз емес. Өйткені адам ағзасында әр 12 жылда үлкен өзгерістер болады. Ертедегі шығыстық ғылым осыны анықтаған.
 
13 жас кейбір нәзік балалар үшін қауіпті, өйткені баланың бойындағы өзгеріс кезеңі біртіндеп  өтсе, қауіп жоқ, ал күрт өзгерсе, кейбір балалар жүрек, жүйке ауруларына ұшырауы мүмкін деседі.
 
25  жас – жігіттіктің алғашқы сатысы. Ол кезде ер жігіт бусанып, дене құрылысы өсіп, жетіліп, күші тасып тұратын кез.
 
37 жас – адам өміріндегі ең басты мүшел. Бұл мүшелде ақыл тоқтатады.
 
49 жас – бұл адамның даналыққа аяқ басатын кезеңі.
 
61 жас – адамның даналығы артып, өзінен туған балаға сын көзбен қарап, басқан ізін аңдып, жаман-жақсысын ажыратып, өзі де тәрбиеге келетін кезеңі.
 
73 жас – бұл кәріліктің басталған кезеңі.
 
85 жас – кәріліктің келгені.
 
Мүшел жылыңызды білесіз бе?
Қай жылы туғанын білгісі келген кісі туған жылынан 3-ті азайтып, содан кейін нәтижесін 12-ге бөлсе болғаны. Сонда шыққан қалдық жылдың ретін көрсетеді.  

Мысалы, 1954 жыл – 3 = 1950. Енді 1951: 12 = 162. Қалдық 7. Демек, 1954 жыл мүшелдің 7-жылына сәйкес келгені, яғни,  жылқы жылы. 

Хабарламаларға жазылу