«Торғай» газетінің жарық көргеніне – 145 жыл - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Торғай» газетінің жарық көргеніне – 145 жыл

02.01.2014
«Торғай» газетінің жарық көргеніне – 145 жыл
Бүгін, 2 қаңтарда алғашқы қазақ басылымдарының бірі – «Торғай» газетінің жарық көргеніне 145 жыл толды.
 
1869 жылы 2 қаңтарда Орынбор және Сібірге қарайтын аумақ қайта құрылып, Торғай облысы атала бастады, құрамына 4 уезд, 28 болыс қарайтын облыс сол кездегі Қазақстанның біраз жерін алып жатты.
 
Ал, 1879 жылы облыс орталығы - Орынбор қаласында облыстық басқарманың баспасөз орталығы құрылып, оның ресми органы шыға бастады. 1895 жылдан бастап бұған қосымша «Тургайская газета» деген атпен ресми емес бөлімі шығарылып, ол 15 жылдай өмір сүрді. «Торғай» газетінде Ш.Уәлихановтың, Ы.Алтынсариннің өмірі мен қызметімен таныстыратын материалдар жарияланды.
 
«Торғай» газеті көпшілікке пайдалы материалдарды араб әріптерімен қазақ тілінде жиі-жиі жариялап отырды. Мәселен, эпидемияға байланысты материалдар, қоғамдық құбылыстарды сынайтын фельетондар, халық ауыз әдебиетінің үлгілері туралы материалдар жарық көрді.
 
Орынборда шығатын баспасөз органдарына жетекшілік еткен Торғай облыстық басқармасының газет столының төрағасы Ә.Балғынбаев болды (1902-1906 жылдар).
 
Ә.Балғынбаев туралы деректі толық болмаса да, Қазақ Совет Энциклопедиясынан алуға болады Онда оның журналистік қызметіне қатысты бір-ақ сөйлем жазылған: «Торғай облыстық ведомостволары» газетінің редакторы (1902) Ә.Балғынбаев тек әкімшілік жұмыспен ғана айналыспай өзі де жиі-жиі мақалалар жазып тұрды. Қазақ тіліндегі материалдарды орыс газеттеріне аударып беріп отырды».
 
Ә.Балғынбаевтың публицистік қызметі «Тургайская газетаның» 1895 жылғы 45-нөмірінде «Қарабұтақтағы қыздардың орыс-қазақ училищесінің ашылуы» мақаласынан басталады.
 
«Тургайская газетаның» 1904 жылғы 48-санынан бастап Ә.Балғынбаевтың әлденеше нөмірге жарияланған «Қырғыз (қазақ) тұрмысының очерктері» қосалқы тақырыпшасымен «Бесіктен молаға дейін» (От колыбели до могилы) фельетоны көшпелі қазақ халқының денсаулық сақтау ісінің кемшіліктерін өткір сынаумен бірге, олардың тұрмысы мен әдет-ғұрпының тозығы жеткен көлеңкелі жағын әшкереледі.
 
Ә.Балғынбаев сол кездегі Орынборда шығып тұрған басылымдарда ғылыми мақалаларын және халық ертегілері, аңыз т.б. үлгілерін орыс тіліне аударып жариялап отырды.
 
Бұл басылымда Ә.Балғынбаевпен қатар, Ж.Сейдалиннің да біраз мақалалары жарық көрген.

Хабарламаларға жазылу