Кезінде ағайынды Ибрагимовтар редакторы болған «Түркістан уәлаяты» газетінде тіл мәселесі қай деңгейде көтерілгені туралы ғалым Бабаш Әбілқасымов 1971 жылы «Алғашқы қазақ газеттерінің тілі» атты кітабында терең жазған еді.
Ташкент қаласында шыққан «Түркістан уәлаяты» газеті де қазақ тілінің өзге тілдермен шұбарлануына наразы болғандығын айта келе автор: «Газет тіліне лингвистикалық талдау жасағанда газет редакциясының, шама келгенше, газетті таза қазақ тілінде шығаруға тырысқанын көреміз. Газеттің соңғы жылдардағы номерлерінде, әсіресе, 1882 жылдан бастап, оның тіліне бірен-саран татар элементі кіре бастағаны байқалады. Негізінен алғанда, «Түркістан уәлаяты» газеті тілінің сол кездегі қазақтың ауызекі сөйлеу тіліне жақын екенін көреміз», деп шегелейді.
Қазақ баспасөзінің тарихында ұлт тіліндегі екінші басылым «Дала уәлаяты» газеті жаңадан құрылған Омбы генерал-губернаторлығының органы ретінде Омбы қаласында 1888 жылы 1 қаңтарынан бастап, 1902 жылдың 12 сәуіріне дейін жарық көріп тұрған.
Басылымның қазақша нұсқасын үзбей редакциялаған генерал-губернатор кеңсесінің аға тілмашы Е. Абылайханов пен Д. Сұлтанғазиндер еді. Газетте Р. Дүйсенбаев, Б. Чалымбеков және тағы басқа бірнеше адам аудармашы әрі әдеби қызметкер міндетін атқарған.
Газет негізінен, патшаның реакцияшыл, отаршылдық саясатын насихаттайтын материалдарды жариялаумен айналысқанын жоққа шығаруға болмайды. Дегенмен, ресми емес бөлімінде егіншілікті өркендету, отырықшылыққа көшу, ғылым жаңалықтары, дәрігерлік көмек, мектеп ашу, қазақ тілін, әдебиетін дамыту проблемалары, ел басқару, сауда ісін жолға қою, мал тұқымдарын асылдандыру және т.б. көптеген мәселелерді қамтып тұрды.
Сондай-ақ, мұнда Ресейдің ішкі жаңалықтары мен шет мемлекеттер жөнінде хабарлар берілді. «Дала уәлаятының» газеті қазақ ауыз әдебиеті нұсқаларын жинап, бастыруда сондай-ақ, орыс әңгіме-ертегілерін аударып жариялауда едәуір ізденіс танытқан. Оны сол кездегі жағдайға байланысты ашық айту тіпті мүмкін емес-тін.
Ал, көптеген публицистер негізі ойларын тұспалдап, мысал ретінде жеткізуде шеберлік танытқан. Басылым ауыз әдебиеті үлгілерін жариялауына, әсіресе, әлем әдебиетінің аударма үлгілері елеулі әсерін тигізсе керек. Атап айтар болсақ, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаевтардың Л. Н.Толстойдан аударған «Ұзақ пен көгершін», «Бұғы мен қарақаттың сабағы», «Бұғы», «Қоян», «Өтпес пышақ» сияқты мысал әңгімелері бар.
Ауыз әдебиеті үлгілерін жинаушы Б.Адықов, Ш.Айманов, Р.Дүйсенбаев тағы басқалары газетке бастырған дүниелерді халықтың ауызша шығармасы деп атап, соңына өз аты-жөндерін жазса, енді біреулері бұл материалдарды кімнен, қайдан жазып алғанын деректеп, хабарлаған.
Сондай-ақ, «Редакцияға хат» деген айдардың аясында хаттар, мақалалар жарияланып, қазақ жазба әдебиеті мен қазақ тілін дамытудың көкейкесті мәселелері қозғалған. Авторлар аударма және қазақ ақындарының таңдаулы шығармаларын жинап, жеке кітап етіп шығару жөнінде де пікір алысқан.
Десек те, «Дала уәлаяты» газетінде тіл мәселесі ең ауқымды тақырып болғанына сонда жарық көрген материалдарды зерттеп, зерделегенде көз жеткіздік. Мәселен, 1888 жылғы 42-нөмірінде Б.Адықовтың редакцияға жолдаған хаты жарияланыпты.
Онда: «Осы уақытта Қазанда һәм басқа шаһарларда басылған кітаптар түрікше, ноғайша аралас тілдермен жазылған. Бұл қазаққа түсінікті емес. Сондықтан, таза қазақ тілінде кітаптар шығарса, қазаққа пайдалы болар еді»,-деген өткір пікір айтылған.
Негізінен, «Дала уәлаяты» газетінің кітап болып шығуына ғалым Ү.Субханбердинаның сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Ол «ДУГ»-ті шыққан жылдар бойынша төрт томға жинақтаған.
«Дала уәлаяты» газетінің екінші томында Д.Сұлтанғазинның «Қазақ тілінше жазу турадан» атты мақаласында да ауқымды мәселелер көтерілген. Автор қазақтың сөз қорындағы кірме сөздердің тілімізге енуі, сіңуін жан-жақты қарастырған, оған өзіндік пікірін білдірген.
Аталмыш газеттің үшінші томында Д.Сұлтанғазинның «Қазақ сөзін қалайша жазу турасы» атты мақаласы да тілге қатысты елеулі проблемаларды ашық көтерген. Автор сол кездегі графика мәселесіне, орыс ғалымдарының, қазақ оқығандарының көкейіндегі даулы мәселелерге тоқталған.
«Дала уәлаяты» газетінің төртінші томында, Рақымжан Дүйсенбаевтың «Харіп турасының сөзі» атты мақаласы да қазақ тіліне қатысты. Мақалада автор қарапайым халық ғылымды білу үшін, төл дыбыстарымызды еш кедергісіз таңбалап, қағаз бетіне түсіру үшін әліпбиімізді түсінікті етіп бір ізге түсіру керектігін алға тартады.
Қазіргі таңда үлкен тақырыпқа айналып отырған үш тіл мәселесі де кезінде «Дала уәлаяты» газетінде қарастырылғанын ескерсек, басылым материалдарының әлі өзектілігін жоймағанына көз жеткіземіз. «...әрбір адам тәлім қылып, уақыты бола қалған кезде оған керекті білмектік ең жоқ дегенде үш түрлі тілді. ...Әуелі білмек керек өз тіліңді. Онан кейін қарап тұрған мемлекетінің тілін және мүмкін қатары француз тілін де. Бұл тілді барша халықтар үйреніп жатыр, орыстар, арабтар, қытайлар һәм басқалары да».
Қазақ тілін өзбек, татар және басқа тілдермен салыстыратын бір мақаласында, Д.Сұлтанғазин түркі тектес елдерден қазақ тілінің өзіндік ерекшелігі барлығын дәлелдейді. Оның пікірінше, қазақ тілі түркі тектес басқа тілдерден айтуға, оқуға қолайлы, сөйлеуге жеңіл келеді. Бұл ерекшелік қазақтың партиархалдық көшпелі өмірінен туған, осыған байланысты қазақ тілі ерте заманнан дербес болып қалыптасты, дейді.
Қазақ тілінің грамматикалық құрылымы жөнінен кейбір түркі тілдерімен ұқсастығы барлығын, бірақ, сол түбірі ұқсас сөздердің қазақша түрі мен әуезі басқаша екенін айтады. Мақаланың қорытындасында Д.Сұлтанғазин «қазақ тілінде араб, парсы тілінен енген сөздер бар, сол сөздерді қалай жазу керек» деген мәселеге тоқталады.
«Шеттен кірген сөздерді қазақтың әуезінше (транскрипциясы бойынша) жазу керек», дейді. «Мысалы, арабша ғұлама қазақша ұлама деп жазу керек, яғни, қазақтар қалай сөйлесе, солай жазу керек дейді. Қазақ халқының ұлығатын келістіруге тырысудың керектігін айтқан, анық қазақ тілімен Алтынсарин марқұм солай ойлап еді», - дейді Д.Сұлтанғазин.
Қазақ тілін дамыту мәселесі жөнінде Д.Сұлтанғазин сияқты келелі пікір айтқан А.Құрманбаев болды. Ол қазақ тілі халқымыздың қоғамдық-шаруашылық өмірінің ерекшелігіне байланысты ерте заманда жасалып, дербес қалыптасқан тіл екендігін тарихи тұрғыдан талдау жасап, дәлелдейді.
Асылқожа Құрманбаев «мал баққан көшпелі өмір жағдайында табиғаттың сұрапыл апаты мен көршілес шапқыншыларға қарсы күресте қазақ халқы сергек және тапқыр болды», дейді.
«Осыған байланысты оның тілі де жанды, әсерлі, түр және сөздік қоры жағынан айтарлықтай бай болып қалыптасты» дей келіп, «бірақ» деп жазды ол, «қазіргі тіліміз ботаникалық, минералогиялық, зоологиялық және сондай ғылыми терминдерге кенде» дейді.
Қазақтың тіл байлығы түркі тілдес жұрттың тіл байлығынан ешбір кем емес екендігін дәлелдеу үшін А.Құрманбаевтың өзі Ы.Алтынсариннің қазақ тілінде кітап жазғанын мысалға келтіреді. Бұдан ол: «қазақ тілінің бұрынғысынан да тамаша және әсерлі болуы үшін ынта етуіміз керек» дей келе, амал не, «жалғыз Алтынсариннен басқа бұл жөнінде әлі ешкім ештеңе істеген жоқ» деп өкінеді.
Осындай сөздік қоры мол өзінің ана тілін менсінбей араб-парсыша араластырып немесе татарша сөйлеуге, хат жазуға әуестенетіндерді А.Құрманбаев: «Әрине, деп ескертеді ол, қазақ тілінде белгілі бір ұғымды білдіретін сөздің баламасы жоқ болса бір сәрі, бірақ бұл сирек кездеседі.
Қазақтың кісі, көрпе, жастық деген байырғы атаулары бола тұрса да, кейбір қазақтар жазғанда және сөйлегенде кіші, жұрқан, миндар деп татаршалайды. Мұны олар өзінің ұлттық сезімін қорлағандық емес, білімділіктің белгісі есептейді» деп, батыл сынайды.
Бұдан А.Құрманбаев мынадай қорытынды жасайды: «Тіл қай халықтың болса да ғылым мен өнерге жетілуіне қажетті кең күшті құралдың бірі. Тек өзінің тілін таза сақтай білген және дамыта білген халық қана жарқын болашағынан үміт күте алады және құрметке бөленеді».
Өзінің ана тілін аса қадірлей отырып, Асылқожа Құрманбаев басқа халықтардың да тілін үйрену керектігін айтады. Ол қазақтың тілін дамыту үшін орыс тілін үйренудің пайдалы екендігін атап көрсетеді.
«Қазақ тілін қолдау және дамыту, орыстың білімін дамыту,-деп жазды А.Құрманбаев, - қазақ оқығандарының адамгершілік борышы болуға тиіс. Қазақ тілін өңдеу, ережесін тәртіпке келтіру жөнінде Алтынсарин бастаған істі ілгері алып баруымыз керек».
1899 жылғы газеттің 22 және 23 нөмірлерінде жарияланған Д. Сұлтанғазинның «Қазақ тілі транскрипциясы мәселесіне» деген мақаласында қазақ тілін дамытып, халықтың сауатын ашу үшін араб әліппесін қазақ тіліне бейімдеп пайдаланған жөн бе, әлде орыс әрпі негізінде дербес қазақ әліппесін жасаған жөн бе? деген мәселе жөнінде қазақ оқығандары тарапынан айтылған пікірлерді және орыс ғалымдары Ильминскийдің, Григорьевтің, Васильевтің орыс әрпін қабылдау жөніндегі ұсыныстарын, әсіресе Алтынсариннің орыс әрпіне көшу жөніндегі бастамасын жан-жақты талдайды.
Қазақтың әдеби тілі ХІХ ғасырдың екінші жартысында қалыптаса бастады. Бірақ, қазақша басылып шыққан кітапшалар газеттердің тілі өзге тілдермен, әсіресе, араб-парсы тілдері аралас татар тілдерімен өте шұбарланған еді. Қазақ мәдениетінің дамуында араб жазбасы белгілі рөл атқарды.
Бірақ, араб алфавитінде қазақ тілінің кейбір дыбыстарын беруге керекті бірсыпыра әріптер болмады. Оның үстіне тұрақты орфография да жоқ еді. Осының бәрі қазақ арасында біркелкі сауаттылықтың таралуына кедергі жасады дейді зерттеуші ғалымдардың бір тобы.
Жәнібек ӘЛИМАНОВ
Қарағанды қаласы