Қазақ үшін жылқының қаншалықты қадірлі екенін отандық фильмдерден де көруге болады. «Таңшолпан» бағдарламасы жылқы малының тектілігін көрсете білген бірнеше фильмге шолу жасады.
Режиссер Қанымбек Қасымбековтің 1971 жылы жарыққа шыққан «Шоқ пен шер» киносын мысалға алуға болады. Ауылдың қарапайым баласы Шердің жылқы түлігіне деген ерекше махаббаты дәл осы фильмде шебер суреттелген.
Тағы бір шоқтығы биік фильм – «Құлагер». Бұл туындыда оқиға Ақан серінің Сағынайдың асындағы бәйгеге Құлагерді баптап, қосуы төңірегінде өрбиді.
Шын мықтыға тұсау жоқ екенін сезген қарақшылар Құлагердің қалайда жолын бөгеуге әрекеттенеді. Шашасына шаң жұқпаған сәйгүлікке қызыққандар құда түсіп те жатады. Алайда, Ақан сері елдің батасын алып, тұлпарды бәйгеге қосады. Қазақы жылқының артықшылығын осы фильмнен де көруге болады.
Жылқы дегенде режиссер Төлеби Шөкеевтің «Көксерегі» де ойға оралады. Жапан далада аш қасқырлар тарпа бас салғанда, Ақанқұлды ажалдан құтқарған да астындағы аты еді.
Қазақтың қазанаты көрініс тапқан тағы бір фильм бар. Ол - 2008 жылы жарық көрген Ардақ Әмірқұловтың «Қош бол, Гүлсары» картинасы. Фильмде өткен ғасырдың 50-ші жылдарындағы колхозшы-коммунист Танабайдың тағдыры оның Гүлсары атты сәйгүлімен байланыстырыла суреттеледі.