Өткен жылдың желтоқсанында жазаға кесілген Корей Халық Демократиялық Республикасының екінші тұлғасы Чан Сон Тхэктің жесірі Ким Ген Хи өз-өзіне қол жұмсаған. Бұл туралы оңтүстіккорейлік «Тhe Chosun Ilbo» газеті Сеулдің барлау қызметіндегі дереккөзіне сілтеме жасап хабарлады.
Ал екінші бір ақпаратқа қарағанда, ол жүрек талмасынан қайтыс болған.
Солтүстік Кореяның бұрынғы көшбасшысы Ким Чен Ирдің кіші қарындасы Ким Ген Хи жұрт алдына соңғы рет 2013 жылдың қыркүйек айында КХДР-дің құрылғанына 65 жыл толуына орай ұйымдастырылған концертте шыққан.
Аталған шараға ол немере інісі Ким Чен Ын мен оның әйелі Ли Соль Чжумен келген еді. Ал осыдан кейін ел көзіне түспеген Ким Ген Хиді жүрегіндегі ақауға байланысты Ресейде ем алып жатыр деген де ақпарат тараған.
Генерал Чан Сон Тхэк 12 желтоқсанда арнайы әскери трибуналдан кейін жазаға кесілген. Пхеньян өлтірілген генералды «сатқын» деп атады. Ресми нұсқа бойынша, Ким Чен Ынның немере ағасы «сорақы қылмысы» - «әр түрлі қастық іс-әрекет және басқа да арам әдістердің» көмегімен төңкеріс жасап, елдегі билікті өз қолына алуға тырысқан.
КХДР билігі бастапқыда Солтүстік Корея көшбасшысының немере ағасын елдің ұлттық қорғаныс комиссиясы төрағасының орынбасары қызметінен шеттетті. Содан кейін оның бейнесі жаңалықтар хабарынан алынып тасталды, ал 9 желтоқсанда Ким Чен Ын туысының партияға қарсы фракциялық қызметпен айналысқаны және екіжүзді саясат жүргізгені белгілі болды.
Сонымен қатар, КХДР қазіргі басшысының әкесі Ким Чен Ир қайтыс болып, елде қаралы күндер жарияланғанда Чан Сон Тхэктің есірткі қолданғаны және құмар ойындар ойнап, көңіл көтергені анықталып отыр.