Бүгін – қазақ қаламгері Ілияс Есенберлиннің туған күні. Ол – тұншыққан сананы қапастан шығарды. Ұлт рухын тірілтті.
Балалар үйінде тәрбиеленіп, жастайынан әдебиетке құмартып өскен Ілияс: «Әдебиетші болуыма себепкер болған – менің өмірім...»,-дейді.
Алайда, әдебиетті өмірім деп өлшеген жазушы тау-кен институтын бітіріп, инженер маманы болады. Тағдырдың жазуымен сұрапыл соғысты да көреді. Сөз өнерін ерекше қастерлеген ол бәрібір әдебиеттен айналып кете алмайды.
«Есенберлин жастарға жол ашты. Қабдеш Жұмаділов алғаш осы Есенберлин заманында көрінді. Алғашқы әңгімелер жинағын, романдарын шығарды. Қадыр Мырза Әлі де Есенберлин төрт жыл директор болып тұрған баспада жеті кітап шығарыпты. Тұманбай Молдағалиев 4-5 кітап шығарды. Мұқағали Мақатаев аударған Дантенің «Құдіретті комедиясы» неше жыл баспада қозғаусыз жатқан. Ол да осы Есенберлин келгеннен кейін шықты...»,-дейді Қазақстанның Халық жазушысы Мұхтар Мағауин.
Ал жазушы, драматург Софы Сматаев: «Ол кісі ешкімге тәуелді болғысы келмейтін. Орталық комитеттің адамдары келгенде, біз сол кісінің табандылығына, қайсарлығына тәнті болатынбыз. Үнемі «Әділет әр уақытта жеңуі керек. Ақиқат қашанда алға шығу керек» деп отыратын»,-деп еске алады.
Қазақ елінің ертеңі мен бүгінгісін, тәуелсіздік үшін күресін шебер жаза білген қаламгердің туындыларының құндылығы уақыт өткен сайын арта түсетіні анық.