Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы еліміздің мұсылмандарын Мәуліт мерекесімен құттықтады.
«Шарапаты мол мәуліт мерекесі біздің халқымызға да құтты болсын. Осынау айтулы мейрамның аясында Алла Елшісін (с.ғ.с.) көбірек танып, өсиеттерін тереңірек түсінуді нәсіп етсін. Осы мереке адамдар арасындағы рақым-мейірімнің, имандылықтың, бауырмалдықтың арта түсуіне бір сеп болғай. Мәуліт айында Алланы мадақтап, пайғамбарға (с.ғ.с.) салауат айтып, өзгелерге жақсылық жасаудың сауабы теңдессіз. Құран оқып, Алла Елшісінің (с.ғ.с.) өмірі мен өнегесі туралы кітап оқудың да мұсылманға берері мол. Алла тағала елімізге, жерімізге берекетін жаудырып, халқымыздың кең пейілі мен ізгі ниетіне сай, бірлігімізге сызат түсірмей, жақсылығын нәсіп еткей! Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, мемлекетіміздің мерейі үстем, еліміздің егемендігі баянды болғай! Жаратушы Иеміз баршамызды жақсылықта, сауапты істерде, ел игілігі жолындағы жұмыстарда, берекелі басқосуларда жолықтырғай! Екі дүниеде де жүзіміз жарқын, мұратымыз асыл, дұғамыз қабыл болғай!», - деп игі тілегін білдірді Бас Мүфти.