Есірткі шикізаты болып табылатын қарасораға көзқарасты өзгертетін кез жетті. Бұл үшін Шу алқабында жабайы қарасорадан пайдалы өнім алатын зауыт салу керек. Бүгін Парламент Мәжілісінде өтіп жатқан Үкімет сағатында депутат Дариға Назарбаева ортаға осындай ұсыныс тастады.
Еске сала кетейік, депутаттар алдында Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов елімізде есірткінің шикізат базасы болып табылатын Шу алқабының проблемасын шешу қажеттігін көтерген болатын.
Д. Назарбаева Шу алқабының 140 мыңға тарта гектарынан жыл сайын 5 мың тоннаға жуық марихуана (есірткі затын) әзірлеу ықтималдылығын алға тартты. «Біздің құқық қорғау органдарымыз қаншама жыл бойы Шу алқабындағы жабайы қарасорамен күресіп келеді? Осы күреске бюджеттен қыруар қаражат жұмсалды. Бұл тиімді ме? Жыл сайын сол баяғы сауалдар қайталанып жатыр. Ендеше, бүгінгі күні жабайы қарасораны жақсы, пайдалы мақсаттарға, соның ішінде медицина, халық шаруашылығы салаларында пайдаланатын уақыт жетті», - деді Д. Назарбаева.
Осыған орай, депутат Ішкі істер министрінен Шу алқабындағы жабайы қарасора қаптаған жерлерді ірі фармацевтикалық компанияларға беруге қатысты көзқарасын сұрады. «Ондай компаниялар осы алқапта зауыт салып, пайдалы өнімдер шығаратын еді. Әрине, бұл үшін ең алдымен біздің заңнамамызға өзгерістер керек», - деді ол.
Өз кезегінде Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов Шу алқабындағы жабайы қарасора мәселесі ел үшін үлкен проблема екенін атап өтті. «Әрине, 140 мың гектар жерді қоршап тастау мүмкін емес, сондықтан одан таралатын есірткі елдің аумақтарына кетіп жатыр. Ендеше, бұны шешудің екі амалы бар. Оның бірі - алқаптың түбегейлі көзін құрту, екіншісі - оны халықтық шаруашылықта пайдалану. Сондықтан, бұл мәселеге қатысты кез келген ұсынысты қолдаймыз. 2012 жылы Ауыл шаруашылығы министрлігі осыған ұқсас арнайы бағдарлама қабылдаған еді. Алайда, еш жұмыс атқарылмай отыр», - дейді Қ. Қасымов.