Ұлттық арна «Сырғалым» телехикаясын ұсынады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлттық арна «Сырғалым» телехикаясын ұсынады

13.01.2014
Ұлттық арна «Сырғалым» телехикаясын ұсынады
Жақында «Қазақстан» Ұлттық телеарнасы көрермендеріне тағы бір төл туынды ұсынбақ. Телехикая 48 бөлімнен тұрады. Жанры – мелодрама, ұзақтығы – 42 минут.  Бас продюсерлері – Ильхам Джалилов, Рашид Сүлейменов, атқарушы продюсері – Райхан Әбдешева. Қоюшы-режиссерлері – Рашид Сүлейменов, Дмитрий Коробкин.
 
 
Телехикая қалада тұратын Жантөренің шаңырағына марқұм болған досының қызының келуімен басталады. Қалай десек те, көп адам үшін үй тарлық етеді. Бірақ, мәселе үйдің тар немесе кеңдігінде емес, сырттан келген бөтен адамға үй иелерінің жақтырмай қарауында еді.
 
 
Жағдайға байланысты отбасы мүшелерінің барлығы үш ұл тәрбиелеп өсірген үлкен әулеттің қара шаңырағында бірге тұрып жатады. Үлкен ұлының үйінде толықтай жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатса, ортаншы ұлы бар тапқан таянғанын құмар ойынына жұмсайды. Ал кенже ұлы қара шаңырақты өзі иеленгісі келеді. 
 
 
Осылайша әкенің қара шаңырағы алысы бар, жақыны бар, ағайын-туысқа толады. Олардың әрқайсысының өз тіршілігі бар, әрі бұл үйдегі жағдайды да әркім әрқалай түсінеді. Аядай үйде бірнеше адам қысылып-қымтырылып тұрып жатқанда  отағасының жақында ғана қайтыс болған ескі досының қызы, жиырма жасар Сырғалым келеді. 
 
 
Әрине, бір кездері досына қарыздар болған Жантөре де оның қызын үйінен қуып шықпасы анық. Себебі, бұл әулеттің атасына Сырғалымның әкесі көзі тірі кезінде талай рет қиын-қыстауда қол ұшын берген болатын.
 
Осылайша ауылдан келген қарапайым қыз бастапқыда әртүрлі жағымсыз жағдайларға куә болса, кейіннен бұл қиындықтардың шешімін табуға өз белді бекем буып кіріседі.   
 
Басты рөлдерде Жұлдыз Маханова, Шер Әлі, Омар Қиқымов, Қалампыр Айсанғалиева, Әлихан Ыдырышева, Мұрат Нұрасылов, Сырым Қашқабаев, Жандарбек Садырбаев және т.б. актерлер ойнайды.
 
 
 
 
Телехикая 15 қаңтардан бастап дүйсенбі-бейсенбі күндері сағат 21.50-де көрсетіледі.

Хабарламаларға жазылу