Кувейт, Фиджи және Албания бапкерлері «Алтын доптың» нәтижелері бұрмаланып, өздерінің дауыстары өзгертілгенін айтып, шу шығаруда. Бұл туралы даниялық «ВТ» мен норвегиялық «Dagbladet» басылымдарына сілтеме жасап, «Аламан» хабарлады.
Онда 2013 жылғы «Алтын доптың» жеңімпазы ретінде Роналдуды басты қарсыластары Лионель Месси мен Франк Рибериден оздыру үшін дауыстарының қасақана өзгертілгендігі туралы жеткізген бапкерлердің дәйексөздері келтірілген.
Кувейт ұлттық құрамасының бразилиялық бапкері Джорван Виейра: «Мен мұны тек алаяқтық деп бағалаймын, себебі, мен Ибрагимовичке дауыс бергенмін» деп түсініктеме берген.
ФИФА жариялаған дауыстардың ресми тізімі бойынша, Виейра кему тәртібіне сай Месси, Неймар және Роналдуға дауыс берген. Ал бапкердің Златанға дауыс бергендігі туралы ақпарат тіркелмеген.
Сондай-ақ, басылымда «Мен дауысымды Криштиану, Месси және Рибериге берген едім. Ал, тізімде мені Левандовскиге берді деп көрсетіпті. Алғашқы аталған үшеуінің тырнағына да татымайтын Робертке мен ешқашан дауыс бермес едім», деген Фиджи ұлттық құрамасының бас бапкері Хуан Карлос Буцеттидің айтқаны жарияланды.
Албания құрамасының бас бапкері Джованни ди Биаси: «Мен бес ұпайымды Роналдуға, үшеуін Мессиге және біреуін Ибрагимовичке бердім. Мен бес ұпайды Ибрагимовичке берген жоқпын. Бұл барып тұрған өтірік», деп, наразылығын білдірген.
Мұндай пікірлер Катар құрамасының бапкері Фахад Әл Зәррааның: «Мен президентімнің айтуы бойынша Роналдуға дауыс бердім, себебі, ол Әлем біріншілігінің Катарда өткізілуіне қолғабысы үшін Блаттердің алдында өз ризашылығын білдіргісі келді», деген сөзінен кейін айтыла бастаған.