Қарағанды облысында кітапхана өртенді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды облысында кітапхана өртенді

29.01.2014
Қарағанды облысында кітапхана өртенді
Қарағандыда көзі көрмейтін және нашар көретін адамдарға арналған облыстық кітапхана өртенді. Оқиға орнында тергеу жұмыстары жүруде деп хабарлайды облыстық Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкері Нұрлан Бекбосынов.
 
«Пришахтинскде орналасқан көзі көрмейтін және нашар көретін адамдарға арналған кітапханадағы өрт туралы хабарлама өртке қарсы қызмет орнына 19 қаңтар күні сағат 04.06-да түскен. Тілсіз жау 300 шаршы метр аумақты шарпыған. Үш блоктан тұратын ғимараттың бір бөлігіне қатты зақым келген», дейді Н.Бекбосынов.
 
Құтқарушылардың мәліметінше, қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Ал кітапхана қызметкерлері жақында ғана алынған 10 миллион теңге тұратын тифлоқұрылғының өртеніп кеткенін айтуда. Мұндай құрылғы облыста басқа еш жерде жоқ көрінеді.
 
Кітапхананың «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша күрделі жөндеуден өткеніне бір айдай ғана болған екен. Оған 26 миллион теңгеден астам мемлекет қаржысы жұмсалған.
 
Облыстағы 2500 зағип жанның дені осы кітапхананың оқырманы.
 
«Тілсіз жау 08.20-да ауыздықталды. Өрттің неден шыққаны тергеу барысында белгілі болады. Қазір оқиға орнында мамандар жұмыс істеуде»,-дейді облыстық Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкері.
 
ТЖБ-ның ақпаратынша, өртті сөндіруге жеке құрамның 42 адамы мен 10 техника жұмылдырылған.

Хабарламаларға жазылу