Моңғол ұлттық ғылым академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор, аудармашы, публицист, драматург, Моңғол мемлекетінің Ғылымға еңбек сіңірген қайраткері, Моңғол қазақ-түрік мәдени орталығының директоры – Ислам Қабышұлы «Таңшолпанда» қонақта.
Ғалым 3 ақпан күні Астанадағы Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-де «Екі елді ұлықтаған елу жыл» деген шығармашылық кешін өткізбекші.
«Мен Моңғолия мен қазақ елінің арасында 50 жылдай еңбек еттім. Ең алғаш Мұхтар Әуезовтің «Көксерегінен» бастап, «Абай жолына» дейін аудардым. Одан кейін Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділерін», Абайдың толық жинағын моңғол тілінде сөйлеттім. Қазақтың ұлы тұлғаларының шығармаларын моңғол тіліне аудардым»,-дейді ғалым.
«Екі елді ұлықтаған елу жыл» және «Адамзатқа арғымақ сыйлаған» атты екі фильмді Моңғол мемлекеті ЮНЕСКО көлеміндегі деректі фильм деп алып кетті. Бұл кеште мен осы еңбегімді Қазақ еліне таныстырмақпын.
«Моңғол елі қазақ әдебиетін бұрын білмейтін. Ал қазір ұлы Абайды қазақтар қалай түсінсе, моңғолдар да солай түсінеді деп нық сеніммен айта аламын. Моңғол энциклопедиясының алғашқы бетінде Абай тұр. Мұхтар Әуезовтің «Көксерегі» үш рет мектеп оқулығына кірді. Моңғол халқы қазақ классиктерін мақтан тұтады»,-дейді Ислам Қабышұлы.