Жанартаудың атқылауынан 16 адам мерт болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жанартаудың атқылауынан 16 адам мерт болды

03.02.2014
Жанартаудың атқылауынан 16 адам мерт болды

Индонезияның Суматра аралындағы Синабунг жанартауының атқылауынан кемінде 16 адам мерт болды. Бұл туралы шетелдік БАҚ хабарлауда.
 
 Таратылған ақпараттарға қарағанда, сенбі күні құтқарушылар жанартауға тақау маңдағы ауылдан 14 адамның мүрдесін тапқан. Сонымен қатар, олар күйік шалған 3 адамды құтқарып, ауруханаға жеткізді.
 
 Сәл кейінірек ауруханаға жеткізілген 24 жастағы колледж студенті жансақтау бөлімінде жантәсілім етті. Ал бүгін құтқарушылар іздеу жұмыстарын бастағаннан кейін тағы бір адамның мүрдесін тапты.
 
 Индонезияның Ұлттық табиғи апаттардың салдарын жою жөніндегі басқармасы қаза тапқандардың арасында төрт оқушының болғандығын айтуда. Олар аралға саяхаттап келген еді.
 
 Естеріңізге сала кетейік, Синабунг жанартауы сенбі күні оянған еді. Ал бұл кезде бұған дейін қауіпсіз жерге көшірілген аралдың 14 мыңға жуық тұрғыны үйлеріне оралған болатын. Бір күннің ішінде жанартау үш мәрте оянып, күлі екі шақырым биіктікке жеткен.

Хабарламаларға жазылу