Атырау облысы білікті мамандармен қамтамасыз етілді. Ал бұған дейін діни сауатсыз жастар дәстүрлі емес діни ағымдардың шейхсымақтардың қармағына оңай түсіп жатты, дейді ҚР Дін істері агенттігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде Атырау облысы Дін істері басқармасының басшысы Еркінбек Шохаев.
«2013 жылы облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің тікелей тапсырмасымен ең алғашқы кезекте мән берілген мәселе өңірдегі дін саласын білікті мамандармен қамтамасыз ету және олардың әлеуметтік мәселелерін шешу болды. Себебі, білікті маман болмай, оның қызмет етуіне жағдай жасалмай жұмыс жүрмейтіні белгілі. Бұдан бұрын облыста араб тілі мен дін ғылымдарын жетік меңгерген теологтар тұрақты түрде жұмыс жасамаған болатын.
Сондықтан діни сауатсыз рухани шөлдеп жүрген жастарды қармақтарына түсіру дәстүрлі емес діни ағымдардың шейхсымақтарына қиынға соқпаған», - деді ол. Осы орайда Е. Шохаев былтыр Атырау облысына білікті теологтар шақыртылғанын атап өтті.
«Біз теологтарды бірнеше күнге немесе айға ғана емес, облыстарда тұрақты түрде қалып, жылдап жұмыс істейтін келісіммен шақырттық. Имамдардың әлеуметтік жағдайы жақсарып, қала және аудан бас имамдарына қызметтік баспана беру мәселесі шешілді», - деді басқарма басшысы.