Қаскелең қаласында Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының бұрынғы аппарат басшысы Ержан Өтембаевқа қатысты қылмыстық іс бойынша сот үкімі шықты.
«Алтынбек Сәрсенбаевты ұрып-соғуға тапсырыс берген Ержан Өтембаев, оны өлтіретіндігін біле тұра, 60 мың АҚШ доллары шамасында ақша берген, сол арқылы қылмыстың жасалуына атсалысты. Бұл қаражатты Р.Ибрагимов кейін Алтынбек Сәрсенбаевты және оның көмекшілерін өлтіруге кеткен шығынға жұмсаған», - деп жазады Жоғары сот сайты Алматы облыстық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сонымен қатар Ержан Өтембаев үш адамның өлімін тоқтату үшін ешқандай қадам жасамаған. Сот оның бұл іс-әрекетіне бір топпен бірге алдын ала ымыраласу арқылы адам өлтірді деген сипаттама берген. Осыған орай сот оны қатаң тәртіптегі колонияда 13 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Жаза мерзімі 2006 жылдың 22 ақпанынан бастап есептеледі.
Еске сала кетейік, Өтембаев 2005 жылы Ибрагимовқа саясаткер Сәрсенбаевты соққыға жығу жөнінде тапсырыс берген. Алайда кейін ол ойынан айнып, өтінішін кері қайтарады. Бұл ақпаратты біліп алған Әлиев пен Мұсаев оқиғаны пайдаланбақ болып, Ибрагимовке Алтынбек Сәрсенбаевты өлтіруге тапсырыс береді. Және шын тапсырыс беруші Өтембаев деп айтуын бұйырған. Нәтижесінде 2006 жылы Өтембаев кісі өлтіруге тапсырыс берді деген айыппен 20 жылға бас бостандығынан айыру және барлық мүлкін тәркілеу жазасына кесілді. Жұма күні сот отырысында мемлекеттік айыптау органдары Өтембаевтің ісі бойынша оған 15 жыл бас бостандығынан айыру жазасын кесуді сұраған.
Айыпталушының заңгері Анжелика Ажигулова болса, Өтембаевты сот залынан шығару жөнінде өтініш білдірді. Себебі оның айтуынша, айыпталушының бұл іске еш қатысы жоқ.