Ұшақтағы жанжалдан соң «Эйр Астана» қызметкері жұмысынан уақытша босатылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұшақтағы жанжалдан соң «Эйр Астана» қызметкері жұмысынан уақытша босатылды

05.02.2014
Ұшақтағы жанжалдан соң «Эйр Астана» қызметкері жұмысынан уақытша босатылды
«Эйр Астана» ұшағында жолаушымен жанжалдасқан бортсерік жұмысынан уақытша босатылды. Бұл туралы әуе компаниясының қоғаммен байланыс бөлімінің вице президенті Белла Тормышева мәлім етті.
 
Оның сөзінше, бортсерік қазір медициналық сараптамадан өтіп жатыр. «Кеше біздің қызметкер де, жолаушы да алкогольге қарсы тексеруден өтті. Екеуінен де ештеңе анықталмады. Тексеруді құқық қорғау органдары өкілдерімен қатар, «Эйр Астана» да жүргізіп жатыр»,-деді ол.
 
Жолаушылардың бірі Әлібек Ыбыраев:  «Мен бортқа кіргенде олардың сөйлесіп тұрғанын байқадым. Бірақ, ешқандай жанжалдасу болмады. Аздан соң полиция қызметкері келді де барлығымыздың сыртқа шығуымызды өтінді. Жолаушылардың көбі не болып қалғанын түсінбеді де»,-дейді.
 
Еске сала кетейік, 4 ақпан күні «Эйр Астана» әуе компаниясының «Алматы-Астана» бағытындағы ұшақта бортсерік пен жолаушы арасында жанжал туындағаны хабарланған болатын.

Хабарламаларға жазылу