Күннің күрт жылынуы салдарынан таудан аққан қарғын су Қызылорда облысы Жаңақорған кентінің шығыс жақ беткейінде орналасқан шамамен 30-40 тұрғын үй мен нысандарды шайып кетті, деп хабарлады, аудан әкімдігінің баспасөз хатшысы Жадыра Ерсінбекқызы.
Оқыс оқиғаға байланысты арнайы штаб құрылып, қалпына келтіру жұмыстарына тиісті құрылымдар тартылды. Сондай-ақ, төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі Жаңақорған аудандық комиссиясының 3 тобы құрылып, су басу салдарынан келген зардаптың шығынын анықтау мен есепке алу жұмыстарына кірісті.
Тұрғын үй аулаларын судан тазарту жұмыстары жүргізіліп, тұрғындар толығымен қауіпсіз жерлерге көшірілді. Қазіргі уақытта қарғын су Самара-Шымкент күре жолы бойындағы Самара-Шымкент-Жаңақорған көпірінің астынан бөгеліп, қауіпсіз бағытқа қарай жіберілуде.