«Астана арландары» мен «Hussars Poland» кездесуінің үшінші жекпе-жегінде шаршы алаңға Ұлттық құраманың капитаны Данияр Елеусінов шықты. Жанкүйерлердің басым бөлігі Даниярдың «Астана арландары» сапындағы алғашқы жекпе-жегін асыға күтті.
69 келіде салмақ дәрежесіндегі Әлем чемпионының қарсыласы – Жора Симонян болды. Польшалық команданың армениялық легионері бұған дейін Дүниежүзілік бокс сериясында бір жекпе-жек өткізіп, ресейлік Александр Беспутиннен ұтылып қалған.
Бес раундтық жекпе-жекте алғаш рет жұдырықтасқанымен Данияр Елесуінов қарсыласынан әлдеқайда мықты екенін байқатты. Қазақ боксшысы бұл жекпе-жекте жеңіске жетіп қоймай, кездесу тағдырын шешті. «Астана арландары» - «Hussars Poland» 3:0.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Ілияс Сүлейменов пен Ғани Жайлауов жекпе-жектерін жеңіспен аяқтады.
Айта кетейік, Алматыда өтіп жатқан бокс кешін «KAZsport» телеарнасы тікелей эфирде көрсетуде. Сонымен қатар, www.kazsporttv.kz сайты арқылы онлайн-трансляция жүргізілуде.